Баспасөз релиздері

KAZAKH INVEST халықаралық «Online SME Development Forum» шараға қатысты

KAZAKH INVEST халықаралық «Online SME Development Forum» шараға қатысты

KAZAKH INVEST Халықаралық Online SME Development Forum-ға қатысты. Іс-шараны «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры ұйымдастырды.

Форумды онлайн форматта өткізу талқылауға қазақстандық және шетелдік қаржы ұйымдарын, кәсіпкерлікті дамыту институттарын тартуға мүмкіндік берді. Бүгінде бүкіл әлем пандемиямен және оның салдарымен экономикалық сипатта күресуде. Форумға қатысушылар пандемияға байланысты туындаған қиындықтарды еңсеру тәжірибесімен бөлісіп қана қоймай, кәсіпкерлерді қолдауда сеп болар шешімдерді де талқылады.

Дүниежүзілік Банктің болжамына сәйкес, биыл жаһан экономикасы 5.2%-ға төмендейді. Екінші тоқсан нәтижелері бойынша Еуроодақтың ЖІӨ 14%-ға қысқарды. Биылғы 7 ай ішінде Қазақстанның ЖІӨ 2.9%-ға қысқарды.

Қазақстанда төтенше жағдай кезіндегі дағдарысқа қарсы құрал – «Бәйтерек» Холдингі болды. "Бәйтерек" ҰБХ " АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Рустам Қарағойшин өз сөзінде «холдинг дағдарысқа қарсы бірқатар шараларды әзірледі және оны жүзеге асыруда. Ол жалпы ел бойынша қолға алынған дағдарысқа қарсы шаралармен бірлесіп Қазақстанның бизнес-климат индексін жақсартты. Биыл мамыр айында бұл индекс -13.7 деңгейіне жетті, маусым айында -2.7 құрады. Яғни, бизнес-ахуалдың жақсарғанын және қабылданған шаралардың тиімділігін көрсетеді. Егер бизнесті қолдау шаралары туралы айтатын болсақ, негізгі институт - «Бәйтерек» холдингінің негізгі еншілес ұйымдарының бірі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорын атап өту керек. Бизнес үшін қиын уақытта «Даму» Қоры өтініштерді қарау және өзгерістерді келісу процестерін барынша жеңілдету бойынша зор жұмыстар атқарды», - деді.

Өз сөзінде «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасының кеңесшісі Жандос Темірғали Қазақстан Республикасындағы инвестицияларды қолдау жүйесі және KAZAKH INVEST қызметі туралы айтты: «Әлеуетті инвесторлар үшін біз Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері туралы толық ақпарат, салалық шолулар, сондай-ақ біздің команда дайындаған нақты инвестициялық жобаларды ұсынамыз. Содан кейін біз Қазақстанға мемлекеттік органдармен және бизнеспен кездесулерді қамтитын мақсатты сапарларды ұйымдастырамыз. Сондай-ақ KAZAKH INVEST қаржыландырудың түрлі нұсқаларын пысықтап, инвестициялық жобаларды құрылымдауға көмектеседі. Біз жобаны іске асырудың барлық кезеңдерінде инвесторларды сүйемелдейміз. Сәтті іске асырылғаннан кейін де біз инвесторлар біздің елде бизнес жүргізу кезінде туындауы мүмкін мәселелер бойынша тұрақты сервистік қолдау көрсетеміз. Инвесторлар үшін бірқатар қызметтерді цифрландыру және онлайн форматқа жедел көшу жұмыс тиімділігін сақтауға мүмкіндік берді. 2020 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша KAZAKH INVEST қатысуымен сомасы $791 млн. құрайтын 12 жоба пайдалануға берілді. 2020 жылдың соңына дейін жалпы сомасы $1,7 млрд құрайтын 23 жобаны іске қосу жоспарлануда, 2021 жылы жалпы сомасы $6,9 млрд болатын тағы 37 жобаны іске қосу күтілуде».

Форумдағы спикерлер қатарында «МСП Банк» АҚ, USAID, Азия Даму Банкі, Түркия Республикасының ШОБ қолдау жөніндегі KOSGEB агенттігі, Әзірбайжан Республикасының Шағын және орта бизнесті дамыту агенттігі KOBIA, Польшаның кәсіпкерлікті дамыту агенттігі PARP, Қырғыз Республикасының «Кепілдік қоры» ААҚ, «Бәйтерек» ҰБХ АҚ, «Kazakh Export» АҚ, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ және «Астана» халықаралық қаржы орталығының өкілдері пікірлерін ортаға салды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, форум ынтымақтастықты дамытып, нығайтып қана қоймай, жаңа қалыптасқан жағдайда қазақстандық және шетелдік кәсіпкерлерге пайда тигізетін көптеген іс-шаралардың алғашқысы болмақ.

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге