Баспасөз релиздері

Канадалық компаниялар Қазақстанның тау-кен металлургия және энергетика салаларының инвестициялық әлеуетіне қызығуда

Канадалық компаниялар Қазақстанның тау-кен металлургия және энергетика салаларының инвестициялық әлеуетіне қызығуда

Қазақстан-Канада Іскерлік кеңесінің жұмыс тобының отырысы аясында табиғи ресурстар және энергетика саласындағы инвестициялық ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Онлайн-конференция форматында өткен отырыс барысында қатысушыларға бұл салалардың инвестициялық әлеуеті туралы негізгі ақпарат, сондай-ақ бірлесіп іске асыруға арналған нақты жобалар ұсынылды. Іс-шараға екі елдің мемлекеттік органдарының, ұлттық компаниялары мен бизнес-қоғамдастықтың 100-ден астам өкілдері қатысты.

Іс-шара шеңберінде CERBA Канадалық іскерлік қауымдастығының Қазақстандық филиалының төрағасы Норман Сторм және отырыстың канадалық тараптың тең төрағасы:«COVID-19 Қазақстан мен Канаданы қоса алғанда, әлемдік экономикаға елеулі әсер етті. Дегенмен, дағдарыс кезеңдері көбінесе басқа жағдайларда қол жетімді болмайтын жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Менің ойымша, Қазақстан мен Канада үкіметтері бизнес үшін ашық және энергетика мен табиғи ресурстарды игеруге жаңа инвестицияларды көтермелеуге дайын деп нық сеніммен айтуға болады».

Өз кезегінде, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының стратегиялық инвестициялық жобалар жөніндегі кеңесшісі, инвестициялар тарту және маркетинг департаментінің директоры және отырыстың қазақстандық тараптан тең төрағасы Жандос Темірғали Қазақстан мен Канада арасындағы екіжақты қарым-қатынастар дәстүрлі түрде жылы және өнімді сипатқа ие екенін атап өтті. 

«Бүгінде Қазақстан Канаданың Орталық Азиядағы ең ірі сауда және инвестициялық әріптесі. Соңғы 15 жылда Канададан Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялар 5 миллиард АҚШ долларынан асты. Канаданың жаһандық нарықтар бойынша іс-қимыл жоспарында Қазақстан канадалық компаниялар үшін кең мүмкіндіктері бар басым әріптес ретінде белгіленген. Біз мұнайгаз, тау-кен өндіру, агроөнеркәсіп және машина жасау сияқты секторларды Канадамен ынтымақтастық үшін негізгі секторлар ретінде қарастырамыз. Бұдан басқа, жаңартылатын энергетика, сондай-ақ Қазақстанда стратегиялық материалдардың бай қорлары негізінде жоғары технологиялық өндірістер құру үлкен әлеуетке ие. Жоғарыда аталған барлық салаларда біз канадалық инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», - деді ол.

Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, министрлік Қазақстан Республикасының 2021-2025 жылдарға арналған геологиялық барлаудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуде. Бағдарламаның негізгі мақсаты ел аумағының геологиялық зерттелуін арттыру жолымен Қазақстанның минералдық-шикізат базасын тұрақты толықтыру, дамыту және бәсекеге қабілеттілігін қолдау үшін алғышарттар мен жағдайларды қалыптастыру болып табылады. Бұл минералдық-шикізат базасының инвестициялық тартымдылығын едәуір кеңейтуге мүмкіндік береді және юниорлық компаниялар нарығының дамуына ықпал ететін болады.

Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Руслан Баймишев өзінің алғы сөзінде ЭЫДҰ ұсынымдарына сәйкес 2018 жылдан бастап Қазақстанда Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы жаңа Кодекс енгізілгенін, ол саланы мемлекеттік реттеудің ашық және түсінікті әдістерін қамтамасыз ету бойынша үздік халықаралық практиканы іске асырғанын хабарлады. 

«Біз бірлескен күшпен Канаданың тәжірибесі мен технологияларын пайдалана отырып, жоғары технологиялық жобаларды іске асыруға кірісуге дайынбыз»,-деді вице-министр.

Энергетика саласындағы ынтымақтастықты талқылау барысында «KAZENERGY»қауымдастығының Бас директоры Болат Ақшолақов мұнай-газ секторының әлеуеті, сондай-ақ Қазақстандағы шетелдік компаниялардың қызметі туралы айтып берді.

Сондай-ақ, Қазақстан тарапынан спикерлер ретінде «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ,«Қазгеология» АҚ Басқарма Төрағасы Анвар Боранбаев, «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ Басқарма төрағасы Қанат Құдайберген, БҰҰДБ Тұрақты даму басшысы Арман Қашқынбеков, республикалық тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец, қазақстандық мұнай геологтары қоғамының президенті Балтабек Қуандықов, Энергетика министрлігінің, «KEGOC» АҚ және «ЖЭК жөніндегі ҚЕАО» ЖШС өкілдері сөз сөйледі.

Канада тарапынан Экономикалық даму, жұмыс орындарын құру және сауда министрлігінің өкілдері Эяд Кудси мен Лаура Филд, Альберта Үкіметінің энергетика және таза технологиялар мәселелері жөніндегі топтың жетекшісі Марио Крпан, Condor Petroleum жетекші директоры Эндрю Джадсон, сондай-ақ Invest in Canada, Schulich жоғары білім беру орталығының, Квебек Үкіметінің және Канада Энергетика министрлігінің өкілдері сөз сөйледі.

Іс-шара нәтижелері бойынша тараптар екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ниет білдірді, сондай-ақ Қазақстанда жобаларды бірлесіп іске асыруды одан әрі талқылауға қызығушылық танытты.

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге