Баспасөз релиздері

Биылғы қаңтар айында ҚР экономикасының негізгі салалары өсу қарқынын сақтап қалды

Биылғы қаңтар айында ҚР экономикасының негізгі салалары өсу қарқынын сақтап қалды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2021 жылғы қаңтардағы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды.

Экономиканың, банк саласының жай-күйі, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, өнеркәсіп пен энергетика секторындағы жағдай туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов және энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, агроөнеркәсіптік кешендегі жағдай туралы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, инвестициялар тарту туралы Премьер-Министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасының іс-шараларын орындау тетіктері туралы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов баяндады.

Биылғы қаңтар айында экономиканың негізгі салалары көрсеткіштердің жақсару үрдісіне ие. Бұл ретте карантиндік шаралардың сақталуы мен күшеюі көрсетілетін қызметтер мен көлік салаларына әсер етуде.

Өңдеу өнеркәсібінде тұрақты динамика байқалып отыр, ол жыл басынан бері 3%-ға өсті. Өсімнің негізгі қозғалтқыштары металлургия өндірісі (+3,1%), оның ішінде автомобиль жасауды қоса алғанда (+21,2%), машина жасау (+16,2%), түсті металдар өндірісі (+6,6%), сондай-ақ химия өнеркәсібі (+12,8%), құрылыс материалдары өндірісі (+11,8%) және фармацевтика (+4%) болды.

Құрылыс көлемі 7%-ға, тұрғын үйді пайдалануға беру 9,4%-ға немесе шамамен 801 мың шаршы метрге ұлғайды. Ауыл шаруашылығында өндіріс көлемі 2,5%-ға артты.

ОПЕК+ келісімдері аясында мұнай өндіруді қысқарту бойынша Қазақстанның міндеттемелерін орындауына байланысты тау-кен өндірісі секторы ұлттық экономиканың баяулауының негізгі факторына айналды. Мұнай өндірудің нақты көлем индексі -12,3%-ды құрады. Сонымен қатар көмір өндірісі жоғары қарқынмен өсуде (+10,1%).

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі тау-кен өндірісін есепке алмағанда 25,5%-ды құрады. Қызмет көрсету секторында ақпарат және байланыс саласында жоғары өсу қарқынына қол жеткізілді (+9,4%). 

Экономиканың тұрақтылығы жұмыссыздық деңгейін 5%-ға дейінгі диапазонда ұстап тұруға мүмкіндік берді.

Эпидемиологиялық жағдай бақылауға алынған, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кейбір өңірлерде белгілі бір шектеулер әлі де қолданылып отыр.

Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қостанай облыстары, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары негізгі 7 көрсеткіштің 5-і бойынша әлеуметтік-экономикалық даму өсімін қамтамасыз етті. Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында 4 көрсеткіш бойынша оң динамикаға қол жеткізілді.

«Министрліктер мен әкімдіктер жұмысты жандандырып, тиісті шаралар қабылдап, белгіленген мақсаттар мен міндеттерді нақты орындауы қажет», — деп А. Мамин, ел экономикасына инвестициялар тарту көлемін арттырудың маңыздылығына ерекше назар аударды.

Үкімет басшысы екі күн мерзімде «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі штаб құруды тапсырды. Оның отырыстарын апта сайын Премьер-Министрдің бірінші орынбасары, ай сайын Премьер-Министр өткізетін болады.

Штабтың жұмыс органы болып Ұлттық экономика министрлігі белгіленді, оған осы жылдың 1 наурызына дейін жол картасы көрсеткіштерінің цифрлық картасын әзірлеу тапсырылды.

Дереккөз: primeminister.kz 







Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге