Олжас Бектенов FIDE Халықаралық шахмат федерациясының 100 жылдығы мен 45-ші Олимпиадаға арналған алау эстафетасына қатысты
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов FIDE Халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворковичпен бірге федерацияның 100 жылдығына және 45-ші Дүниежүзілік шахмат олимпиадасын өткізуге арналған алау эстафетасына қатысты.
Олимпиада алауы Қазақстанға FIDE отаны – Парижден келді, онда 20 шілдеде Дүниежүзілік шахмат күнінде ұйымның мерейтойы салтанатты түрде атап өтілді және қазіргі уақытта XXXIII жазғы Олимпиада ойындары өтіп жатыр.
Үкімет басшысы планетаның үздік гроссмейстерлерін – шахмат әлемінің қазіргі чемпиондарын қарсы алып, барлық қатысушылар мен қонақтарды мерейтоймен құттықтап, алдағы FIDE World Team Rapid and Blitz Championships-ке (FIDE жылдам шахмат және блиц бойынша командалық әлем чемпионаты) сәттілік тіледі.
«Бүгінде шахмат – төрткүл дүниені мойындатқан интеллектуалды спорт түрі. Ғасырдан астам көне тарихы бар Халықаралық шахмат федерациясы бүгінде әлемнің 200-ден астам елін шаршы тақта бетінде тоғыстырған беделді әрі танымал ұйымға айналды. Бүгінде елімізде 200 мыңнан астам адам шахматпен шұғылданады. Қазақстан Президенті еліміздегі шахматты қолдау мен дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Олимпиада алауының Астана қаласында жағылуы – қазақстандықтар үшін зор мақтаныш пен мәртебе. Осындай жоғары деңгейлі іс-шара өткізу Қазақстандағы шахмат спортының одан әрі дамуына елеулі үлес қосады деп сенемін», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-Министр қазақстандық шахматшылардың ерекше жетістіктерін атап өтті. Үндістанда өткен 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық шахматшы Қазыбек Нөгербек алтын медаль жеңіп алып, «Гроссмейстер» құрметті атағына ие болды. Биылғы маусым айында Қазақстан құрамасы Азия жастар чемпионатында бірінші орынды иеленді. Сонымен қатар ең беделді әлемдік турнирлерде Қазақстанның намысын сәтті қорғаған қазақстандық шахматшылар – әлем чемпиондары Бибісары Асаубаева, Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова және Дәрмен Сәдуақасовтың есімдері баршаға белгілі.
Сонымен қатар Халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворкович өз сөзінде биылғы 1-6 тамыз аралығында Астанада өтетін Рапид пен блиц бойынша командалық әлем чемпионаты туралы айтты.
«Бүгін біз Рапид пен блицтен командалық әлем чемпионатын ашамыз. ФИДЕ-нің бұл жаңа форматы қазірдің өзінде көптеген көрермен мен шахматшылардың сүйікті ойынына айналды. Астанаға чемпиондық атақ үшін бәсекелесуге әлемнің ең мықты гроссмейстерлері, оның ішінде әлемдік рейтингтің №1 ойыншылары, сондай-ақ қазіргі әлем чемпиондары келді. Бұл күндері біз көптеген қызықты партиялар мен тартысты текетірестерді тамашалайтынымызға сенімдімін!», — деп атап өтті Аркадий Дворкович.
Салтанатты шара аясында Премьер-Министр Олжас Бектенов FIDE президенті Аркадий Дворковичтің қолынан Олимпиада алауын қабылдап, Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турловқа табыс етті. Әйгілі спортшылар, параспортшылар, ғалымдар, қоғам қайраткерлері жалғастырған алау эстафетасы амфитеатр сахнасында аяқталды. Олимпиада алауын аты аңызға айналған әлемдік шахмат шеберлері, бірнеше дүркін әлем чемпиондары Магнус Карлсен мен Хоу Ифань тұтандырды.
«Қазақ жерінде Дүниежүзілік шахмат Олимпиадасының алауын жағу – еліміздің әлемдегі шахмат орталықтарының бірі ретінде танылуы. Бұл алау біздің болашақ интеллектуалды жеңістерімізді жандандырады және жылдың басты турнирлерінің бірі – қазіргі заманның ұлы шахматшылары қатысатын Рапид пен блиц бойынша командалық әлем чемпионатының басталуының белгісі. Бұл шахмат әлеміне ғана емес, бүкіл Қазақстан спорты үшін маңызды оқиға. Шынында да, жарысқа елімізден көптеген команда мен спортшы, соның ішінде әуесқой спортшылар қатысады», — деді Тимур Турлов.
Рапид пен блицтен FIDE командалық әлем чемпионатына 39 командадан тұратын әлемнің 315 үздік шахматшысы қатысады. Астанаға жарысқа қатысу үшін қазіргі әлем чемпиондары Дин Лижэнь (Қытай) және Цзюй Вэньцзюнь (Қытай), шахматтан 16-шы әлем чемпионы Магнус Карлсен (Норвегия), әлемнің экс-чемпиондары Александра Костенюк (Швейцария) және Хоу Ифань (Қытай), әлем вице-чемпионы Ян Непомнящий (Ресей), Арджун Эригайси (Үндістан) және бірқатар атақты гроссмейстерлер келді. Қазақстанның атынан Бибісара Асаубаева, Әлішер Сүлейменов, Дәрмен Сәдуақасов, Алдияр Аңсат, Меруерт Кәмәлиденова, Алуа Нұрман және басқа да көптеген танымал спортшылар шығады.
Анықтама: FIDE-нің 100 жылдығына орай алауды тұтату рәсімі биылғы 14 ақпанда Нью-Делиде өтті. Олимпиада алауы Гана, Швейцария, Канада, Марокко, Колумбия, Румыния және Францияда болды. 45-ші шахмат олимпиадасы биылғы 10-23 қыркүйек аралығында Будапешт қаласында өтеді, онда қатысушылардың рекордтық санын жинау күтіліп отыр.
Дереккөз: Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы