Ұлыбритания инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі

Британдық инвесторлар Қазақстанда баламалы энергия көздері, ғарыш технологияларын дамыту, сондай-ақ ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтау саласындағы бірқатар жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастыруда. Бұл туралы «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басшылығымен және ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің Төрағасы Ардақ Зебешевпен кездесу барысында Ұлыбритания Корольдігінің Қазақстандағы елшісі Кэти Лич ханым хабарлады.

Кездесу барысында тараптар екі елдің инвестициялық ынтымақтастығын дамыту мәселелеріне, сондай-ақ бизнес жүргізудің практикалық аспектілеріне ерекше назар аударды. Британдық тарапқа инвестициялық ахуал, қаржы құралдары, Қазақстандағы инвестицияларды мемлекеттік қолдау шаралары, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асырудың негізгі артықшылықтары туралы ақпарат ұсынылды.


«KAZAKH INVEST инвесторларға қызметтердің толық спектрін ұсына отырып, инвестициялық қызметті қолдау бойынша ұлттық оператор болып табылады. Әлеуетті инвесторлар үшін біз ел туралы толық ақпаратты, сондай-ақ салалық шолуларды және ең бастысы, біздің команда дайындаған нақты инвестициялық ұсыныстарды ұсынамыз. Біз инвесторлардың Қазақстанға мақсатты сапарларын ұйымдастырамыз және оларға стратегиялық жергілікті әріптес табуға көмектесеміз», - деп толықтырды «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Мейіржан Юсупов.

Сонымен қатар, британиялықтарға Қазақстанның АӨК, ТМК, сондай-ақ ЖЭК және т. б. сияқты басым секторлары туралы ақпарат ұсынылды.

Өз кезегінде Кэти Лич ханым бүгінгі таңда Ұлыбритания экономикасындағы басым бағыттардың бірі - ЖЭК саласына инвестициялау болып табылатынын атап өтті және Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері саласындағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға мүдделілік бар екенін хабарлады.

ҚР-дағы шетелдік инвестициялар үшін жоғары бәсекелестік артықшылықтарды атай отырып, Елші Кэти Лич ханым Британдық инвесторларды еліміздің жоғарыда аталған секторларындағы қолданыстағы жобалар туралы хабардар ету ниеті туралы мәлімдеді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жаңа бастамаларды іске асыру және инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде одан әрі тығыз өзара іс-қимыл жасау туралы уағдаласты.