Венгриялық бизнес Қазақстанда бірқатар жобаларды жүзеге асыруға дайын
Инвестициялық мүмкіндіктер, сондай - ақ ынтымақтастықтың артықшылықтары мен сауда-экономикалық әріптестікті одан әрі ілгерілетудің перспективалары Мажарстан Премьер-Министрінің орынбасары-Қаржы министрі Михай Варганың Қазақстанға сапары аясында өткен Қазақстан-Венгрия инвестициялық бизнес-форумында таныстырылды. Аталған іс-шараның жұмысына екі елдің іскер топтарының, сондай-ақ бизнес-қоғамдастықтарының 80-нен астам өкілдері қатысты.

Форумды ашқан ҚР Ұлттық экономика Мминистрі Әсет Ерғалиев Қазақстан мен Мажарстан арасындағы сенімді қарым-қатынастар экономикалық өзара іс-қимылды дамыту үшін қолайлы жағдай туғызатынын атап өтті. Министр Мажар кәсіпкерлерін Қазақстанда инвестициялық жобаларды іске асыруға белсенді қатысуға және өзара қарым-қатынастарды дамыту үшін жаңа нысандарды бірлесіп іздеуге, сондай-ақ ҚР аумағында инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясының, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды.

«Біз Қазақстанды үлкен экономикалық нәтижелерге қол жеткізген ел деп санаймыз. Біздің екіжақты байланыстарымызға өте қуаныштымыз. Венгрия алдағы уақытта да Қазақстанға қатысты ашық және экономикалық ынтымақтастық мүмкіндіктерін іздейді», - деп атап өтті Венгрия Премьер-Министрінің орынбасары Михай Варга, сондай-ақ ол бірлескен жұмыс болашақта көлемді ұлғайтуға, өзара іс-қимыл құрылымын кеңейтуге және ауқымды жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді деп үміттенетінін білдірді.
Форум аясында спикерлер ретінде венгр сауда-өнеркәсіп палатасының Президенті Ласло Фараго, Мажар-Қазақстан Іскерлік кеңесінің тең төрағасы Ласло Хорват, сондай-ақ «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Мейіржан Юсупов сөз сөйледі.
Өз сөзінде «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Мейіржан Юсупов Венгр серіктестеріне Қазақстан Республикасының инвестициялық әлеуетін таныстырды, форум қатысушыларын инвестицияларды тартудың мемлекеттік жүйесінде қолданылатын жаңа тәсілдемелермен таныстырды, сондай-ақ ҚР мен Венргия арасындағы екіжақты қатынастарды тереңдетудің маңыздылығын атап өтті.

«Венгрия Қазақстанның Еуропадағы негізгі серіктестерінің бірі. Көптеген секторлардағы өзара синергияны ескере отырып, біздің экономикалық ынтымақтастығымызды дамыту үшін жоғары әлеует бар. Сондықтан біздің әріптестігіміздің басым бағыттарын, болашаққа жоспарларды, АӨК, машина жасау, энергетика, инфрақұрылым, денсаулық сақтау, фармацевтика және т.б. сияқты экономиканың негізгі салаларындағы Қазақстандағы нақты бірлескен жобаларды талқылау үшін біздің тірі форматтағы кездесуімізді өте маңызды деп санаймын», - деп толықтырды Ұлттық компания басшысы Мейіржан Юсупов.

Форум қорытындысы бойынша «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Жандос Темірғали «Globalia Kft» және «ANM Group» компанияларымен ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойды. Меморандум аясында инвесторлар 50 млн АҚШ доллардан астам сомаға СЭС салуды жоспарлап отыр. Жобаның жыл сайынғы өндірістік қуаты 500 МВт - қа дейін жетеді.
Сонымен қатар, форум аясында қазақстандық және Венгерлік кәсіпкерлер арасында екі жақты кездесулер өткізілді, онда АӨК, энергетика, құрылыс, химия саласы және машина жасау саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Атап айтқанда, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басшылығы жылдық табысы 250 млн доллар болатын «Tungsram Group» Венгр электротехникалық компаниясымен, сондай-ақ «GLOBALIA Kft» компаниясымен кездесулер өткізді.
Айта кету керек, бүгінде елімізде Венгр капиталының қатысуымен 30-дан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында Мажарстан отандық экономикаға 200 млн долл жуық қаражат салды. Егер сауда туралы айтатын болсақ, соңғы 4 жылда екіжақты тауар айналымы 350 млн. долл құрап отыр.
Қазақстан-Венгрия бизнес-форумының ұйымдастырушылары ҚР Сыртқы істер министрлігі, Венгрияның сауда-өнеркәсіп палатасы, «Атамекен» ҚР ҰКП, сондай-ақ «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ болды.