Қазақстан мен Люксембург экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуде

Люксембург, 21 қыркүйек 2021 ж. -  Қазақстанның Брюссельдегі Елшілігінің бастамасымен KAZAKH INVEST Ұлттық компаниясымен, Люксембургтегі ҚР Құрметті консулдығымен бірлесіп, Люксембург Сауда Палатасының қолдауымен "Invest in Kazakhstan" іс-шарасы өтті. 

Іс-шараға KAZAKH INVEST Ұлттық компаниясының Еуропадағы өкілі, Люксембург сауда палатасының, Люксембургтегі ҚР Құрметті консулдығының қызметкерлері және Люксембургтің іскерлік топтары, сондай-ақ Люксембург экономика министрлігінің өкілі қатысты.

Өз сөзінде кеңесші-уәкіл М.Андабаев Қазақстан-Люксембург қарым-қатынастарының жоғары деңгейін атап өтіп, Люксембург компанияларын цифрландыру, IT, авиация, ғарыш өнеркәсібі және қаржы-банк қызметі саласындағы жоғары технологиялық шешімдерді пайдалана отырып, бірлескен инвестициялық жобаларға қатысуға шақырды, онда Люксембург әлемдік көшбасшылардың бірі болып танылды. Қазақстандық дипломат қатысушыларға Президент Қ.Тоқаевтың экономикалық тақырыпқа қатысты «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелерін таныстырды.

KAZAKH INVEST Ұлттық компаниясының Еуропадағы өкілі Айнұр Тумышева ең алдымен өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларға назар аудара отырып, Қазақстанның сауда-инвестициялық әлеуетін кеңінен таныстырды.

"2020 жылы Қазақстан 4 млрд долларға жуық тікелей шетелдік инвестиция тартты. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда шамамен 35% - ға өсті, бұл БҰҰ-ның сауда және даму жөніндегі Конференциясының (ЮНКТАД) "Инвестициялар жөніндегі дүниежүзілік баяндамасында" атап өтілді. ЮНКТАД рейтингісіне сәйкес, теңізге шыға алмайтын барлық елдер арасында Қазақстан Тікелей инвестициялардың таза ағыны бойынша 1-ші орынға ие болды. Бұл өсім өңдеу өнеркәсібі, көлік, телекоммуникация, қаржы қызметі, энергетика, тау-кен өндіру кешені сияқты салаларда инвестициялар есебінен қамтамасыз етілді.  - деп атап өтті А.Тумышева.

Өз кезегінде, Люксембург сауда палатасының Халықаралық қатынастар жөніндегі аға кеңесшісі Стивен Коэнер сауда-өнеркәсіп палатасы екіжақты ынтымақтастық үшін мүмкіндіктер мен құралдарды жасауға белсенді қатысатынын атап өтті. Сондай-ақ, ол люксембургтік компаниялар Қазақстанда жұмыс істеп жатқанын және Люксембургтің сауда өнеркәсіп палатасы люксембургтік компаниялардың жұмысына жәрдемдесуді жалғастыруға дайын екенін атап өтті.

Қазақстанның Брюссельдегі елшілігі түрлі іс-шаралар барысында шетелдік инвесторларды тарту және қазақстандық нарықтың экономикалық артықшылықтарын таныстыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуді жалғастыруда.

Дереккөз: Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Елшілігі