KAZAKH INVEST инвестициялық мүмкіндіктерді бағалау бойынша халықаралық конкурсқа қазылар алқасы ретінде қатысты

KAZAKH INVEST бизнес-қоғамдастықтардың, қаржы ұйымдарының, венчурлік қорлар мен сауда қауымдастықтарының өкілдерімен бірлесіп, Инвестициялар тарту жөніндегі ең ірі конкурстардың бірі «Go Global Awards» диалог алаңына қатысты. Халықаралық сауда кеңесі ұйымдастырған байқауға әлемнің 180-нен астам елінен 800-ге жуық халықаралық ұйым қатысты, олардың ішінде  «Access Holding International Ply», «AI Spera Inc»,  «Dandelion Labs», «18МС Global Private Limited», «AFS AGRO FLOW SYSTEM» , «Boundless Technologies» және т. б.

Онлайн-конкурс аясында бизнес-ұйымдардың өкілдері туризм, логистика, электрондық коммерция, қаржылық және заманауи өнеркәсіптік технологиялар, робот жасау, жасанды интеллект және т. б. қоса алғанда, экономиканың түрлі салаларындағы инновациялық жобаларды таныстырды.

Онлайн байқауға қазылар алқасының мүшесі ретінде қатысқан KAZAKH INVEST қатысушы компаниялардың жобаларын саралау, жетістіктер және кеңейту жоспарлары сияқты үш критерий бойынша бағалады.

Сонымен қатар, іс-шара аясында KAZAKH INVEST өкілі Диана Аблякимова қатысушылардың назарына Қазақстандағы халықаралық бизнеске қол жетімді инвестициялық мүмкіндіктер мен мемлекеттік қолдау шараларын ұсынды. 


«Соңғы бірнеше жылда Қазақстан бірқатар кең ауқымды реформалар жүргізіп, салық, кәсіпкерлік және Кеден кодексіне қажетті түзетулерді қабылдады, бұл экономиканы жоспарлы түрде әртараптандыруға және бизнес пен инвестицияларды табысты жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасауға ықпал етеді. Халықаралық тәжірибені зерделей отырып, бүгінде Қазақстан әлеуетті инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуді ұсынады: заттай гранттар беру, салықтар мен кедендік баждарды төлеуден босату және басқалар. Сонымен қатар, KAZAKH INVEST мамандары сіздің жобаңызды Қазақстанда сүйемелдеу бойынша қызметтердің толық спектрін ұсынуға дайын», - деп хабарлады KAZAKH INVEST өкілі Диана Аблякимова іс-шара барысында конкурс қатысушыларына.

Өз кезегінде, конкурсқа қатысушылар Қазақстанның басым салаларының әлеуеті мен Орталық Азиядағы ірі экономикамен ынтымақтастық мүмкіндіктерін жоғары бағалады.

Айта кету керек, конкурсқа қазақстандық ApartХ компаниясы да қатысты, ол «ақылды» құлыптардың көмегімен пәтерлерге қолжетімділікті басқару мүмкіндігі бар тәуліктік жалға берілетін жылжымайтын мүлік иелеріне арналған мобильді қосымшаны ұсынды.

Байқау қорытындысы бойынша, «Go Global Awards» марапатына инновациялық идеялар, технологиялар және жаңа нарықтарға шығу стратегиялары арқасында экономикалық өсуге ықпал ететін халықаралық компаниялар ұсынылды. Айта кетейік, байқаудың виртуалды марапаттау рәсімі 2021 жылдың қазан айында өтеді.