KAZAKH INVEST Қазақстан-Қытай инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты

Тау-кен саласындағы инвестициялық ынтымақтастық мәселелері Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесі аясында өткен дөңгелек үстелде талқыланды. Іс-шараны ҚХР-дағы ҚР Елшілігі және «Самұрық-Қазына» АҚ ұйымдастырды.

Дөңгелек үстел жұмысына ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров,  «KAZAKH INVEST  «ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов, сондай-ақ «Самұрық-Қазына «ҰӘҚ» АҚ, «Тау-Кен Самұрық «ҰТК» АҚ, «Қазгеология «ҰТК» АҚ, «Астана» АХҚО басшылығы мен өкілдері, ТМК саласына халықаралық инвестицияларға мамандандырылған ҚХР ірі мемлекеттік және жеке компаниялары қатысты.

Іс-шара барысында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру үшін ҚР тау-кен өндіру саласының неғұрлым перспективалы сегменттері, жас компаниялар үшін қазақстандық тау-кен нарығының әлеуеті, шетелдік инвестицияларды іздеуді жүзеге асыратын геологиялық барлау және жер қойнауын пайдалану саласындағы тартымды қазақстандық жобалар талқыланды.

Өз кезегінде, «KAZAKH INVEST «ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов түрлі салалық жеңілдіктер мен преференцияларды қамтитын шетелдік инвесторларды мемлекеттік қолдау жүйесі туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Ол өз сөзінде ТМК саласы елдің экономикалық өсуінің негізгі драйверлерінің бірі және оның инвестициялық тартымдылығының факторы болып қалатынын атап өтті.

«ТМК саласына инвестиция тарту аясында біз шетелдік бизнеспен ынтымақтастыққа дайын жобалардың пайплайн әзірледік. Халықаралық консалтингтік компаниялармен бірлесіп $10 млрд-тан астам сомаға 40-тан астам жобалар бойынша жобалық құжаттамалар әзірленді, біз осы инвестициялық ұсыныстарды әлеуетті шетелдік әріптестерге ұсынуға дайынбыз. Жобалардың бастамашылары өз тарапынан келіссөздерге ашық және ынтымақтастықтың түрлі нұсқаларын қарастыруға дайын», - деп қосты Мейіржан Юсупов.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша KAZAKH INVEST Бейжіңдегі өкілдігі Қытайдың тау-кен өндіруші компанияларының басшылығымен және өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді, бірқатар қазақстандық инвестициялық жобалар бойынша ықтимал ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Бірнеше бағыт бойынша қазақстандық тау-кен инвестициялық жобаларының егжей-тегжейін зерделеу бойынша одан әрі өзара іс-қимыл жасауға уағдаластыққа қол жеткізілді.