Нидерланд инвесторлары Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінде 200 млн еуроға жаңа жобаларды жүзеге асыруда

Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы нидерландық компания басшыларының делегациясы жұмыс сапарымен Қазақстанға келді. Бір апта ішінде инвесторлар бірлескен дөңгелек үстелге қатысуды, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша бірқатар коммерциялық құжаттарға қол қоюды, сондай-ақ өңірлердің инвестициялық мүмкіндіктерімен танысуды жоспарлап отыр.

Делегация құрамында «Food Ventures», «KUBO», «Van Der Hoeven», «Certhon», «Gakon», «Dalsem» сынды бесінші және алтыншы буындағы жылыжайлар өндірісі саласындағы нидерландық ірі компаниялардың басшылары және т.б бар. Сондай-ақ делегация құрамында заманауи ауыл шаруашылығы жабдықтарын шығарумен айналысатын «Hoogendoorn», «Svensson», «Gаkon», «Priva» компанияларының және өсімдіктерді биологиялық қорғау құралдарын өндіруші «Koppert Biological Systems», тұқым өндіру бойынша көш бастап тұрған «Solynta», «Rijk Zwaan» және «Dutch Greenhouse Delta»,  «HVA International» қауымдастықтарының басшылары бар.

Жұмыс сапары аясында екі елдің бизнес өкілдерінің қатысуымен Қазақстан-Нидерланды дөңгелек үстелі өтті. Іс-шара барысында нидерландық компаниялар заманауи агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, тұрақты ауыл шаруашылығына көшу және озық цифрлық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллект пен Big Data технологиясын пайдалана отырып, жаңа селекциялық шешімдерді енгізу туралы өз ойларымен бөлісті.

Өз кезегінде, Қазақстан Республикасының Нидерланды Корольдігіндегі Елшісі Асқар Жұмағалиев саясат саласында да, экономикалық кооперацияда да екі ел арасындағы сенімді байланыстардың орнауына негіз болған өзара достық қарым-қатынастардың маңызы туралы айтып өтті. Сонымен қоса, дипмиссия басшысы «KAZAKH INVEST «ҰК» АҚ-ның шетелдік компаниялармен өзара іс-қимыл жасаудағы рөлін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, сапар аясында жалпы сомасы 200 млн еуроны немесе 100 млрд теңгені құрайтын 6 меморандумға қол қойылды.

«KAZAKH INVEST «ҰК» АҚ тарапынан Нидерланды Корольдігіндегі ҚР Елшілігімен инвестициялық ынтымақтастықты дамыту және нығайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Мәселен, осы бағыттағы негізгі драйверге энергетикалық сектордан бөлек, агроөнеркәсіптік сектор айналуы тиіс. Нидерландық компаниялар бізге тікелей инвестициялады салу тұрғысынан да, озық технологиялар трансферті тұрғысынан да, сондай-ақ мемлекет, бизнес, ғылым және білім берудің табысты ынтымақтастығы тұрғысынан да қызықты», - деп атап өтті «KAZAKH INVEST «ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Мейіржан Юсупов.

Сонымен қатар, KAZAKH INVEST қолдауымен ҚР ИИДМ, «Бәйтерек» ҰБХ, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ және АХҚО жауапты өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылды.

Айта кету керек, нидерландық агроөнеркәсіптік делегация сапарының бір апталық бағдарламасына Алматы, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарына бару кіреді, онда жобаларды іске асырудың егжей-тегжейін талқылау мақсатында өңір басшыларымен және өңірлік бизнес қоғамдастық өкілдерімен кездесулер ұйымдастыру жоспарлануда.

Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында нидерландық «Van Der Hoeven» компаниясының қатысуымен жылыжай кешенінің құрылысы бойынша жаңа жобаның іргетасы қаланады. Жобаға салынатын инвестиция көлемі $35 млн құрайды.

Нидерланды компанияларының Қазақстанға сапарын ҚР Сыртқы істер министрлігі, Қазақстан Республикасының Нидерланды Корольдігіндегі Елшілігі және «KAZAKH INVEST «ҰК» АҚ ұйымдастырды.