KAZAKH INVEST және «Yildirim Holding» Қазақстанда инвестициялық жобаларды іске асыру барысын талқылады

«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Мейіржан Юсупов Қазақстандағы ең ірі түрік инвесторларының бірі – Yildirim Holding басшылығымен жұмыс кездесуін өткізді. Кездесу барысында тараптар Холдингтің бірқатар инвестициялық жобаларын іске асыру барысын және мемлекеттік қолдаудың қажетті шараларын талқылады.

Келіссөздер барысында Мейіржан Юсупов атап өткендей, Yildirim компаниясы Қазақстан үшін стратегиялық маңызды әріптес болып табылады. Инвесторлар Қазақстанның тау-кен өндіру саласын және жалпы ел экономикасын дамытуға баға жетпес үлес қосуда.

«Біз экономиканың басым секторларына инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бойынша «бір терезе» ретінде сіздің Қазақстандағы инвестициялық жобаларыңызды іске асыруда толық қолдау көрсетуге дайынбыз», - деп атап өтті Мейіржан Юсупов.

Бүгінгі таңда түрік компаниясының елге салған инвестицияларының жалпы көлемі шамамен $500 млн құрайды, осы көрсеткіш бойынша Yildirim Holding Қазақстандағы ең ірі түрік инвесторы болып табылады.

«Осы уақытқа дейінгі Қазақстандағы инвестициялық қызметіміз сәтті деп санауға болады. Біз Қазақстанды халықаралық бизнесті кеңейту үшін негізгі, базалық елдердің бірі ретінде қарастырамыз және Қазақстанда өз қатысуымызды кеңейтуге дайынбыз», – деп атап өтті Холдингтің ТМД-дағы вице-президенті Метин Октай мырза.

Кездесу нәтижелері бойынша тараптар жобаларды іске асыру барысында туындайтын ағымдағы мәселелерді шешу бойынша белсенді ынтымақтастық туралы уағдаласты.

Айта кету керек, бүгінгі таңда компания Ақтөбе облысында хром концентраттарын өндіру, Қазақстанның 4 облысында геологиялық барлау бойынша бірқатар инвестициялық жобаларды және Жамбыл облысында кальциленген сода өндіру бойынша жобаны іске асыруда.

Анықтама: 

«Yildirim Holding» - 1993 жылы құрылған түрік әртараптандырылған өнеркәсіптік тобы. 

Бүгінгі таңда Холдингтің жылдық қаржы айналымы 2,2 млрд құрайды. Холдинг құрылымында әлемнің 51 еліндегі 4 құрлықта 13 мыңға жуық адам жұмыс істейді. 

Холдинг активтерінің жалпы сомасы 5,6 млрд құрайды. Холдинг Түркия, Қазақстан, Ресей және Швециядағы зауыттарымен әлемдік хром өнеркәсібіндегі көлемі бойынша төртінші топ болып табылады. Холдинг әлемдегі үшінші CMA-CGM контейнерлік тасымалдау операторындағы (Франция) акцияларының 24%-ына ие.