KAZAKH INVEST ШЫҰ елдерінің өңірлік сауда-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі форумға қатысты

«KAZAKH INVEST» Циндао қаласындағы (ҚХР) ШЫҰ елдерінің аймақтық экономикалық ынтымақтастық және халықаралық сауда-инвестициялық көрмесі бойынша форумның ауқымды алаңында Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырды.

Іс-шараға 1000-ға жуық бизнес-қоғамдастық пен дипломатиялық өкілдіктің, ШЫҰ және ОШАМҚ елдерінің мемлекеттік органдары мен қауымдастықтарының өкілдері қатысты. Қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы Елшісі Ғабит Қойшыбаев, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ, «ҚазТрансГаз» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, АХҚО және ҚР іскерлік қоғамдастығының өкілдері ұсынды.

«ШЫҰ және Бүкілодақтық өңірлік экономикалық әріптестік  арасындағы кешенді ынтымақтастықты дамыту үшін мүмкіндіктер» сессиясы шеңберінде ҚХР-дағы «KAZAKH INVEST» Бас өкілі Қуаныш Амантай іс-шараға қатысушыларға Қазақстанның инвестициялық климатының бәсекелестік артықшылықтарын ұсынды, сондай-ақ Қазақстан мен ҚХР арасындағы ынтымақтастықтың табысты тәжірибесіне егжей-тегжейлі тоқталды. Оның ішінде, спикер екі тараптың бірлескен экономикалық аймақтарды дамыту аясындағы белсенді өзара іс-қимылын атап өтті, сондай-ақ ШЫҰ елдерінің көлік және логистика саласындағы неғұрлым тығыз ынтымақтастығына, сауда рәсімдерін және өзара инвестицияларды оңайлатуға үміт білдірді.

Бұдан басқа, «ШЫҰ елдерінің сауда және инвестициялары» конференциясы барысында ҚХР-дағы «KAZAKH INVEST» өкілдігі Қытай бизнес-қоғамдастығына инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін таныстырды. Оның ішінде шетелдік инвесторларға инвестицияларды мемлекеттік қолдау шаралары, инвесторларды ынталандырудың қаржылық және қаржылық емес құралдары, сондай-ақ ҚХР нарығындағы қазақстандық өнімнің экспорттық әлеуеті және ҚР экономикасының басым салаларындағы бірқатар нақты жобалар ұсынылды.

Форум нәтижелері бойынша «KAZAKH INVEST» және «Қытай-ШЫҰ» сауда-экономикалық ынтымақтастық аймағының Әкімшілік комитеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қазіргі уақытта тараптар «Қытай-ШЫҰ» сауда-экономикалық ынтымақтастық аймақтарының ҚР аумағындағы көліктік-логистикалық қуаттарға қатысу мүмкіндігін зерделеуде.

Айта кету керек, форум аясында ШЫҰ елдерінің халықаралық сауда-инвестициялық көрмесі ұйымдастырылды, онда қазақстандық кәсіпкерлер өз өнімдерін таныстырды. Атап айтқанда, көрмеде күнбағыс майы, кондитерлік өнімдер, бал, ұн, макарон өнімдері, шырындар мен құрғақ түйе сүті ұсынылды. Сондай-ақ, қазақстандық павильонға келушілер еліміздің сауда-экономикалық, инвестициялық және туристік әлеуетімен танысуға мүмкіндік алды.