Қазақстан мен Чехия сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады

Бүгін Чехиядағы ҚР Елшілігі мен «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы»АҚ ұйымдастырған онлайн-кеңес аясында Қазақстан мен Чех Республикасы арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамыту мәселелері талқыланды.

Талқылауға ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитетінің басшылығы, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов, Чех Республикасының «CzechTrade» агенттігінің өкілі Петр Юрик, сондай-ақ ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму, энергетика, сауда және интеграция министрліктерінің салалық департаменттерінің, сыртқы экономикалық ынтымақтастық директорлары қатысты.

Шараны Қазақстанның Чехиядағы елшілігінің кеңесші-уәкілі Біржан Қанешев ашып, 2022 жылға дейінгі екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық бағдарламасының тұсаукесерін өткізді.

Өз кезегінде «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов Қазақстан мен Чехия инвестиция тарту бағытында ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, спикер кездесуге қатысушыларды инвестицияларды тартудың мемлекеттік жүйесінде қолданылатын жаңа тәсілдермен, преференциялармен және Қазақстандағы шетелдік бизнестің жұмысы үшін қолайлы ахуал туғызатын басқа да құралдармен таныстырды.

«Чехиямен елдік инвестициялық картада қазіргі уақытта жалпы сомасы $835 млн құрайтын 7 жоба бар екенін атап өткім келеді, Чех инвесторлары энергетика саласында бір жобаны іске асырып жатыр – бұл құны $135 млн құрайтын 50 МВт КЭС. Біздің серіктестік қарым - қатынастарымыздың одан әрі дамуына үміттенеміз», - деді Мейіржан Юсупов.


Чех тарапынан «CzechTrade» агенттігінің өңірлік өкілі Петр Юрик сөз сөйледі, ол түрлі салаларда іске асырылып жатқан жобалар туралы, сондай-ақ тараптардың экономикалық өзара қарым-қатынастарды дамыту үшін әлеуетті мүмкіндіктері туралы ақпаратпен бөлісті.

Сауда және интеграция министрлігі мен «QazTrade» АҚ өкілдері Чехияға экспорттау кезінде отандық өндірушілерді қолдауға арналған көптеген құралдар туралы хабардар етті.

Өз кезегінде ҚР индустриялық-инновациялық даму және энергетика министрліктерінің өкілдері Чехиядан технологиялар мен инвесторларды тарта отырып, елімізде жүзеге асырылуы мүмкін түрлі салалардағы ықтимал инвестициялық жобалар туралы ақпаратпен бөлісті.

Онлайн-кеңес қызу пікірталас форматында өтті. Сөз сөйлеу қорытындысы бойынша қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтар қоюға және оларға толық жауаптар алуға мүмкіндік алды.