Маңғыстау облысында бекіре тұқымдас балық фермасын салу жобасы басталды

Маңғыстау облысында бекіре тұқымдас балықтарының уылдырық фермасының іргетасын қалау салтанатты рәсімі өтті. Бұл жоба «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ қолдауымен жүзеге асырылуда, салтанатты рәсімге компанияның басқарушы директоры Әлжан Естемесов қатысты.

Ферма Каспий теңізінің жағалау аймағында орналасады. Оның негізгі мақсаты – шетелдік мамандарды тарту және еуропалық аквашаруашылық тәжірибесін енгізу арқылы Каспий бассейніндегі бекіре балықтарының популяциясын қайта қалыптастыру.

Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, қуаттылығы жылына шамамен мың бекіре балықтары және 20 тонна уылдырық құрайды. Сондай-ақ, бастапқыда орыс бекіресі, қорытпа балығы және шоқыр түрлерін өсіру жоспарлануда. Бұл бастаманы «Red Pearl» Балық фермасы» ЖШС және «Swiss Choice Holding SA» компаниялары жүзеге асыруда.

Жоба уылдырық инкубациясы мен шабақ өсіруге арналған тұйық су айналымы жүйесін (УЗВ), сондай-ақ балықты өсіру және тауарлық деңгейге жеткізуге арналған ашық теңіз бассейндері мен торлы қоршауларды қамтитын заманауи аралас технологияны қолдануды көздейді.

Жобаны іске асыру нәтижесінде алғашқы кезеңде кемінде 40 жаңа жұмыс орны құрылып, бюджетке салық түсімдері артып, Қызылөзен ауылының инфрақұрылым жүйесі дамып, «жасыл технологиялар» енгізіледі.