Ақтөбе облысында хромды терең өңдейтін зауыт салу жоспарлануда

Ақтөбе облысында әкім Асхат Шахаров пен «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сұлтанғали Қинжақұлов арасында «Sichuan Yinhe Chemical Co., Ltd.» өкілдерімен кездесу өтті.

Бұған дейін «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ сүйемелдеуімен Ақтөбе облысының делегациясы Қытайға барып, «Sichuan Yinhe Chemical Co., Ltd.» компаниясымен келіссөздер жүргізген болатын. Тараптар Ақтөбе облысында терең хром өңдеу зауытын салу бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Қазіргі уақытта инвестор бұрын қол жеткізілген келісімдер аясында жобаны іске асырудың практикалық мәселелері бойынша жұмысты жалғастыруда.

«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сұлтанғали Қинжақұлов инвестициялық жобаға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

Компанияның бас директоры Тан Шуанцюань Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық танытып, аймақтың жоғары технологиялық жобаларды жүзеге асырудағы жоғары әлеуетін атап өтті.

Sichuan Yinhe Chemical Co., Ltd. жылына 200 000 тоннаға дейін қуаттылығы бар заманауи хром өңдеу кешенінің құрылысына 500 миллион АҚШ долларын инвестициялауды көздеп отыр, бұл 600-ден астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Жоба микроэлектроника, авиация және ғарыш салалары үшін маңызды материал болып табылатын жоғары тазалықтағы хром өндірісін қамтиды. Нысан толық іске қосылғаннан кейін жылына 1,2 миллиард АҚШ доллары көлемінде өнім шығарады деп күтілуде.

Талқылау барысында жобаның экологиялық аспектісіне ерекше назар аударылды – компанияда хром құрамдас материалдарды өңдеудің озық технологиялары, соның ішінде тұйықталған циклді ресурстарды басқару жүйелері және заманауи ағынды суларды тазарту әдістері бар.

Кездесуден кейін тараптар жобаны жүзеге асыруға өзара қызығушылықтарын растады және ынтымақтастық елдер арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуда және Ақтөбе облысының өнеркәсіптік әлеуетін одан әрі дамытуда маңызды қадам болатынына сенім білдірді.