KAZAKH INVEST және Shinhan Bank қаржылық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады

«KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек Shinhan Bank компаниясының Бас директордың орынбасары және жаһандық бизнес тобының жетекшісі Сын Хён Со (Seung Hyeon Seo) мырзамен кездесу өткізді.

Shinhan Bank – активтері 513 млрд АҚШ долларынан асатын, Moody’s, S&P және Fitch агенттіктерінен Aa3 / A+ / A рейтингтеріне ие, Оңтүстік Кореяның ең ірі қаржы холдингтерінің бірі – Shinhan Financial Group құрамына кіреді және The Banker 2024 рейтингі бойынша әлемдегі ең ірі 100 банктің ішінде 64-орында тұр.

Қазақстанда банк «Шинхан Банк Қазақстан» АҚ еншілес ұйымы арқылы ұсынылған және корпоративтік пен инвестициялық қаржыландыру қызметтерін көрсетеді.

Кездесу барысында Shinhan Bank өкілдері Қазақстандағы ағымдағы қызметі туралы ақпарат беріп, жаңа Салық кодексін талқылау шеңберінде өз ұсынымдары мен көзқарастарын білдірді. Банк инвесторлар мен қаржы институттары үшін теңгерімді және болжамды жағдай қалыптастырудың маңыздылығын атап өтіп, қазақстандық тараппен сындарлы ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін білдірді.

Тараптар KAZAKH INVEST сүйемелдейтін өнеркәсіп, қайта өңдеу, логистика, цифрлық сервистер және «жасыл» экономика салаларындағы инвестициялық жобаларды қаржыландыруға банктің қатысуын кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.

Мадияр Сұлтанбек атап өткендей, ірі оңтүстіккореялық қаржы институтының елдегі қызметі банк секторындағы бәсекелестікті арттырып, жеке және мемлекеттік жобаларды қаржыландыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашады:

«Shinhan Bank – Азиядағы ең тұрақты және технологиялық дамыған банктердің бірі. Оның Қазақстандағы белсенді қызметі инвестициялық бастамаларды қаржыландырудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Біз банктің қызметін кеңейтуге және инвесторлар үшін жаңа құралдарды дамытуға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Мадияр Сұлтанбек.

Өз кезегінде Shinhan Bank өкілдері ынтымақтастықты кеңейтуге және Қазақстандағы ірі жобаларды қаржыландыру құрылымдарына қатысуға, оның ішінде KAZAKH INVEST алаңында бірлескен бастамаларды дамытуға дайын екенін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар әріптестікті одан әрі дамыту тетіктерін пысықтап, диалогты жалғастыруға уағдаласты.