KAZAKH INVEST және XiYu Agricultural Қостанай облысындағы ірі агроөнеркәсіптік жобаны іске асыруды талқылады

«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұлов Сингапурдың XiYu Agricultural Pte. Ltd. компаниясының бас директоры Гэ Кайхуа және Қытай Халық Республикасының SINOMACH корпорациясына кіретін SUMEC International компаниясының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында тараптар Қостанай облысында астықты терең өңдеу кешенін салу жөніндегі инвестициялық жобаны талқылады.

Жоба жалпы инвестиция көлемі шамамен 230 миллион АҚШ долларын құрайтын заманауи агроөнеркәсіптік кешеннің құрылысын көздейді. Алдын ала есептер бойынша, бұл бастаманы іске асыру шамамен 500 жаңа жұмыс орнын құрып, жыл сайын шамамен 8 млрд теңге салық түсімін қамтамасыз етеді, бұл өңір мен ел экономикасына айтарлықтай әлеуметтік-экономикалық әсер етеді.

Дайындық кезеңінде XiYu Agricultural компаниясы сыйымдылығы 90 мың тонна элеватор кешенін және ауданы 20 гектардан астам жер учаскесін сатып алуда. Бұл жобаға қажетті инфрақұрылымдық базаны қалыптастырады.

Кешен құрамында лимон қышқылы (жылына 125 мың тонна), тазартылмаған күнбағыс майы (жылына 200 мың тонна шикізат), мал азықтық ұн (жылына 360 мың тонна) және күкірт қышқылы (жылына 100 мың тонна) өндіру желілері болады. Жоба жоғары қосылған құны бар дайын өнімді экспорттауға бағытталған — Таяу Шығыс, Еуропа, Түркия және Қытай елдеріне.

«Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және аграрлық әлеуетін дамыту үшін зор мүмкіндіктерге ие. KAZAKH INVEST мұндай стратегиялық жобаларды іске асыру барысында инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын құрып қана қоймай, ел ішінде қосылған құн тізбегін қалыптастырады», — деп атап өтті «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұлов.

XiYu Agricultural Pte. Ltd. бас директоры Гэ Кайхуа Қазақстанды агроөнеркәсіп саласындағы стратегиялық серіктес ретінде қарастыратынын айтты:
«Біз Қазақстанды өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық хабы ретінде зор әлеуетке ие ел деп санаймыз. Қостанай облысындағы жоба – біздің елдегі ұзақ мерзімді қатысуымыздың жаңа кезеңі болады. Біз Қазақстанның өнеркәсіптік және экспорттық базасын дамытуға өз үлесімізді қосуға ниеттіміз».

Жобаның жобалық және техникалық құжаттамасын COFCO Engineering & Technology Co. Ltd. (ҚХР) әзірлеген. Ал жабдықтар мен технологиялық шешімдердің серіктесі ретінде SUMEC Group Corporation (SINOMACH-тың еншілес құрылымы) қатысады. Компания әлемнің 160 елінде өкілдігі бар және жыл сайынғы экспорт көлемі 12 млрд АҚШ долларынан асады.

«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ жобаны іске асырудың барлық кезеңдерінде сүйемелдеуді жалғастырып, мемлекеттік органдар мен даму институттарымен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.