KAZAKH INVEST пен Harvest Agro Holding аграрлық саладағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Айбол Арғынғазинов Harvest Agro Holding компаниясы директорының бірінші орынбасары Алмаз Мараловпен кездесу өткізіп, оның қорытындысы бойынша тараптар өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат «Harvest» агроөнеркәсіптік кластерін құру жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыруды қолдауға бағытталған.

Жоба аясында 300 мың гектарға дейінгі тың және жайылымдық жерлерді заманауи су үнемдеу технологиялары мен инфрақұрылымдық шешімдерді қолдана отырып, кезең-кезеңімен суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарына айналдыру жоспарлануда. Алғашқы кезеңде 150 мың гектар жер игерілетін болады. Бастапқы кезеңдегі жалпы инвестиция көлемі шамамен 500 млн АҚШ долларын құрайды. Жобаның географиясы Алматы, Жетісу, Жамбыл, Ақтөбе, Павлодар, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарын қамтиды.

IMG_6057.JPG

Келісім шеңберінде KAZAKH INVEST жобаны кешенді түрде сүйемелдейтін болады, оған мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылға жәрдемдесу және инвестициялық алаңдарды іріктеу кіреді.

Айбол Арғынғазинов атап өтті:

«Біз Harvest Agro Holding жобасын жерді ұтымды пайдалану мен заманауи суару технологияларын енгізуге ғана емес, сонымен қатар өңірлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, ауылдық аумақтарды дамытуға және отандық өнімнің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін стратегиялық бастама ретінде қарастырамыз».

Өз кезегінде Harvest Agro Holding компаниясы директорының бірінші орынбасары Алмаз Маралов Қазақстанның бірегей жағдайлары ауқымды агрожобаларды, отандық өндіріс пен қайта өңдеудің өсуін, экспорттың кеңеюін және заманауи технологиялар мен халықаралық тәжірибені пайдалана отырып, жұмыс орындарын құруды қамтамасыз ететінін атап өтті.