Астанада дәнді және бұршақ дақылдарын терең өңдеуге арналған интеграцияланған агроөнеркәсіптік кешеннің құрылысы басталды
Астана, 2025 жылғы 24 қыркүйек – Астанада дәнді және бұршақ дақылдарын терең өңдеуге арналған интеграцияланған агроөнеркәсіптік кешеннің құрылысын бастау салтанатты рәсімі өтті. Салтанатты шараны Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров және басқа да ресми тұлғалар ашты.
Жоба «Kazak Protein» ЖШС тарапынан жүзеге асырылуда, оның құрылтайшылары — Tiryaki Agro Holding (Түркия) еншілес компаниясы және «ADOtex» ЖШС (Қазақстан). Жалпы инвестиция көлемі 320 млн АҚШ долларын құрайды, жобаны іске асыру мерзімі — 2025–2029 жылдар.
Астана қаласының индустриялық аймағында екі кешен салынады: біріншісі — бидайды терең өңдеуге, екіншісі — ноқатты өңдеуге арналған. Жоспарланған жылдық қуаты — 250 мың тонна бидай және 80 мың тонна ноқат. Қорытынды өнімдер — глютен, крахмал, лизин, глюкоза-фруктоза сиропы, құрамажемдер, сондай-ақ ноқат ақуызының изоляттары және басқа да жоғары қосылған құнды өнімдер.
Өнімдер ішкі нарыққа да, сондай-ақ Солтүстік Америка, Еуропалық одақ, ТМД және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне де экспортталатын болады. Жоба аясында шамамен 400 жаңа жұмыс орны ашылады.
Құрылыстың басталу рәсімі жобаның практикалық кезеңге өткенін көрсетті. Ә. Қуантыров бұл жобаның елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттық әлеуетін дамыту үшін стратегиялық маңызға ие басым жобалардың қатарына кіретінін атап өтті: «Kazak Protein агроөнеркәсіптік кешенінің құрылысын бастау — бүкіл индустрия үшін маңызды қадам. Қазақстанда ішкі және сыртқы нарықта сұранысқа ие жоғары қосылған құнды өнім шығаратын заманауи өндіріс құрылады. Жобаны іске асыру елдің экспортын әртараптандырып, дәнді және бұршақ дақылдарын қайта өңдеуді жаңа деңгейге көтереді, сондай-ақ қазақстандық фермерлер үшін тұрақты сұраныс қалыптастырып, қосымша өткізу нарығын ашады», – деді ол.
Tiryaki Agro Holding директорлар кеңесінің төрағасы Сүлейман Тирьякиоғлу: «Бұл жоба арқылы біз аграрлық құн тізбектерін қайта ойластырып, инновациялар мен орнықты тәсілдерді енгізе отырып, Қазақстанда жоғары қосылған құнды өнімнің заманауи өндірісін құруды көздейміз. Бұл жергілікті фермерлердің өнімдеріне тұрақты сұраныс қалыптастырады, сондай-ақ неғұрлым орнықты, инновациялық және жаһандық интеграцияланған агроазық-түлік саласын қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл жобаны Қазақстан Үкіметімен тығыз ынтымақтастықта, елдің мақсаттары мен ұмтылыстарына сәйкес жүзеге асыру — біз үшін үлкен мәртебе».
Салтанатты рәсім қорытындысында жобаның табысты жүзеге асырылуы Қазақстанның агроөнеркәсіптік секторын дамытудың жаңа кезеңіне айналып, азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту үшін қосымша мүмкіндіктер ашатыны атап өтілді.
Tiryaki Agro — 1965 жылы негізі қаланған түрік компаниясы, ауыл шаруашылығы өнімдерінің ең ірі экспорттаушыларының бірі. Өнімдері 55 елге экспортталады, жылдық айналымы 2 млрд АҚШ долларынан асады.