Костанайда Kia зауыты үшін автокомпоненттер өндірісі жолға қойылады

«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек пен жобалар департаменті директорының орынбасары Әлжан Естемесов «Seoyon E-Hwa Kazakhstan» бірлескен кәсіпорнының бас директоры Ин Же Чомен кездесу өткізді.

Тараптар Костанай облысында автокомпоненттер өндірісін жергіліктендіру жобасын талқылады. Өнімдер салынып жатқан Kia Kazakhstan зауытына жеткізілетін болады. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 27 млн АҚШ долларына бағаланып отыр, ал өндірісті іске қосу 2027 жылға жоспарланған.

Костанайдағы кәсіпорында есік карталары, орындықтар, бамперлер, консольдер, төбе қаптамалары және автомобильдердің интерьері мен экстерьеріне арналған басқа да бөлшектер шығарылмақ.
«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек Костанай облысында автокомпоненттер өндірісін жергіліктендіру Қазақстандағы автомобиль кластерін дамытудағы маңызды қадам болатынын атап өтті. Оның айтуынша, жобаны іске асыру жаңа жұмыс орындарын ашуға, кооперациялық тізбектерді кеңейтуге және автонарықтағы локализация деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

«Костанайда Kia зауытының құрылысы қазірдің өзінде мультипликативті әсер беруде: қазақстандық нарыққа басқа да автокомпонент жеткізетін корейлік компаниялар келуде. Бұл жаңа жұмыс орындары мен жоғары деңгейдегі локализациясы бар толыққанды автомобиль кластерін құруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Мадияр Сұлтанбек.

«Seoyon E-Hwa Kazakhstan» бірлескен кәсіпорнының бас директоры Ин Же Чо компанияның әлеуетті тек Костанайдағы Kia зауытына автокомпонент жеткізуде ғана емес, Қазақстандағы басқа да зауыттарға өнім жеткізуде де көріп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, жобаны іске асыру өңір елдеріне өнім экспорттауға платформа болатын мықты өндірістік база құруға мүмкіндік береді.

 
Анықтама үшін:

Seoyon E-Hwa — автокомпоненттердің әлемдік өндірушісі, Оңтүстік Корея, АҚШ, Қытай, Үндістан, Мексика, Бразилия, Словакия, Польша және басқа елдерде зауыттары бар. Компания Hyundai Motor және Kia-ның негізгі серіктесі болып табылады, әлемдік жетекші автокөлік өндірушілеріне интерьер мен экстерьерге арналған кең ауқымды бөлшектерді жеткізеді.