Оңтүстіккореялық YPP Corporation компаниясы Қазақстанда жасыл сутегі өндіру жобасына $3,1 млрд дейін инвестиция салуды жоспарлап отыр

«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Азамат Қожанов Оңтүстік Кореяның инжинирингтік YPP Corporation компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Чон Ман Бекпен кездесу өткізді. Кездесу барысында Қазақстанда жасыл сутегі өндіру жобасын іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімге қол қойылды.

Тараптар Қазақстан Республикасының аумағында жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) пайдалана отырып, жасыл сутегі мен аммиак өндірісінің толық циклын құруға бағытталған EPS Engineering Procurement Services қазақстандық компаниясымен ірі Green Energy Complex инвестициялық жобасын бірлесіп іске асыруға ниетті екенін растады. Жобаның жалпы құны жобаның үлгісіне және орналасуына байланысты $3,1 млрд дейін жетуі мүмкін.

Жоба аясында жиынтық қуаты 2 ГВт дейін болатын жел және күн электр станцияларын, электролиздік және аммиак өндіру қондырғыларын салу көзделген. Өндіріс жылына 75 000 тонна жасыл сутегі өндіруге бағытталады, оның бір бөлігі 310 000 тонна аммиакқа қайта өңделеді. Компания өкілдерінің айтуынша, өнімнің бір бөлігі Қазақстанда тұтынылады, ал негізгі көлемі экспортқа жөнелтіледі.

Кездесу барысында Азамат Қожанов жобаның Қазақстанның стратегиялық басымдықтарына толық сай келетінін және сутегі энергетикасын дамыту жөніндегі еліміздің өршіл жоспарларына үйлесетінін атап өтті.

«Бүкіл әлем бойынша компаниялар жасыл энергетика мен сутегі жобаларына қызығушылық танытып отыр. Қазақстанда бұл саланы дамыту үшін елеулі әлеует бар: жел ресурстары жылына 1 820 млрд кВт·сағ, күн ресурстары — 2,5 млрд кВт·сағ дейін бағаланады. Біз Германия, Италия, Қытай және Оңтүстік Корея елдерінің инвесторларымен жұмыс істеп жатырмыз. Бұл сала қазір өте белсенді дамып келеді. Келешекте жасыл сутегі авиация, кеме қатынасы, жүк тасымалы сияқты ауыр көлік түрлерінің негізіне айналады. Бұл болашақтағы отын-энергетика нарығы. Сондықтан біз үшін дәл қазір осы индустрияны дамытудың негізін қалау және тұрақты іске асыру моделін алдын ала ойластыру маңызды», — деді ол.

Жоба сондай-ақ энергия сақтау жүйесін, сумен жабдықтау, логистика және сутегіні энергетикада пайдалану инфрақұрылымын, оның ішінде Алматы өңіріндегі ЖЭО жаңғырту мүмкіндігін қамтиды.

Өз кезегінде YPP Corporation негізін қалаушы Джон М. Бек Қазақстан Үкіметіне қолдауы үшін алғыс айтып, былай деді:

«Қазақстанда сутегі энергетикасын дамыту үшін бірегей табиғи және инвестициялық жағдайлар бар. Біз Қазақстанды стратегиялық серіктес ретінде қарастырамыз және ең үздік кореялық технологиялар мен жаһандық тұрақты өндіріс тәсілдерін біріктіретін жобаны жүзеге асыруға ниеттіміз».

Келісім инвестициялық модельді терең әзірлеуге, инвестициялар туралы келісім жасасуға және бейінді ұйымдармен, соның ішінде Samsung C&T сынды оффтейкерлермен әріптестік орнатуға жол ашады.

Анықтама:

YPP Corporation (Your Permanent Partner) — энергетика саласындағы, соның ішінде ЖЭК, BESS, атом энергетикасы және жасыл сутегі бойынша 40 жылдан астам тәжірибесі бар оңтүстіккореялық инженерлік және EPC компаниясы. 2024 жылдан бастап Корея Республикасының Ұлттық сутегі стратегиясы аясында сутегіні экспорттау жобаларын белсенді ілгерілетуде.