Швейцариялық компанияның қатысуымен Қазақстанда жайылымдарды ауыл шаруашылығы айналымына енгізу жобасы жүзеге асырылады

«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Ержан Елекеев пен «Harvest Agro Holding» ЖШС директоры Даулет Увашев 150 мың гектар жайылым мен маусымдық жайылым жерлерін жер асты сулары мен заманауи су үнемдеу технологияларын пайдалана отырып, суармалы ауыл шаруашылығы жерлеріне айналдыру арқылы ауқымды агроөнеркәсіптік кластер құру жобасын жүзеге асыру туралы негіздемелік келісімге қол қойды. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш 300 мың гектарға дейін ұлғайтылмақ.

Жоба халықаралық Harvest Group SA құрамына кіретін «Harvest Agro Holding» ЖШС базасында іске асырылып жатыр және Жамбыл, Алматы, Жетісу, Түркістан, Павлодар, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарын қамтиды. Бірінші кезеңде 150 мың гектар жерді игеру, шамамен 500 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту және өңірлерде 1050 тұрақты жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Дайындалған жерлерде инвестор экспорттық және азықтық құндылығы жоғары ауыл шаруашылығы дақылдарын — ең алдымен жүгері мен соя өсіруді жоспарлап отыр.

Жобаның негізгі іс-шараларына инженерлік-геологиялық және агрохимиялық зерттеулер (бұрғылау, гидрогеологиялық, геофизикалық және топографиялық-геодезиялық жұмыстар), суару және су тарту жүйелерін жобалау мен монтаждау, энергетикалық және инженерлік инфрақұрылымды тарту, ауыл шаруашылығы жерлерін дайындау және өндірісті іске қосу жатады.

«Harvest Agro Holding» ЖШС директоры Даулет Увашев атап өткендей, жоба орнықты аграрлық инфрақұрылымды қалыптастыруға бағытталған және 2030 жылға қарай суармалы жерлердің көлемін 2,5 млн гектарға дейін ұлғайту жөніндегі ұлттық мақсатқа қол жеткізуге үлес қосады. Күтілетін нәтижелер қатарында 300 000 гектарға дейінгі жерді агроайналымға тарту, топырақ өнімділігін 4–6 есе арттыру, жер асты суларын және ылғалды үнемдеу технологияларын пайдалану есебінен су ресурстарын ұтымды пайдалану, сондай-ақ ілеспе инвестицияларды ынталандыру бар.

«Біз жобаның аясында жүгері өсіріп, оны ішкі нарықта да, экспортқа да сатуды жоспарлап отырмыз. Осы ретте «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясына қолдауы үшін алғысымды білдіремін. Дәл осы компанияның қатысуының арқасында біз жобаны ілгерілетуді едәуір жылдамдатып, жоспардан нақты іске көштік», — деп атап өтті Увашев.

Ұлттық аграрлық өсім мен өңірлік дамуға серпін беретін бастаманың маңыздылығын атап өткен «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Ержан Елекеев:

«Бұл жоба пайдаланылмай жатқан орасан зор жерлерді ең жоғары тиімділікпен және ресурстарға деген жауапты көзқараспен айналымға қайтарудың жолын көрсетеді. Біз инфрақұрылым, жұмыспен қамту және технологияны қамтитын ауқымды аграрлық трансформация туралы айтып отырмыз. Бұл ретте еліміздің экспорттық әлеуеті де нығая түседі. «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы жобалаудан бастап өндірісті іске қосуға дейінгі барлық кезеңде инвесторға жан-жақты қолдау көрсетеді».

Келесі кезеңдерде тараптардың міндеттемелерін нақтылап, мемлекет тарапынан қолдау көрсетуге жол ашатын Инвестициялық келісімге қол қою көзделіп отыр.