KAZAKH INVEST итальяндық серіктестермен үш келісімге қол қойды
Италия Премьер-Министрі Джорджа Мелонидің Қазақстанға ресми сапары аясында «KAZAKH INVEST» ҰҚ» АҚ итальяндық серіктестермен үш маңызды келісімге қол қойды. Құжаттар агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, экспортты ілгерілетуге және екіжақты өндірістік кооперацияны кеңейтуге бағытталған.
Басты нәтижелердің бірі — TRAMITE Group компаниясымен келісімге қол қойылуы болды. Бұл компания Түркістан облысының Шардара ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеудің толық циклін қамтитын ауқымды жобаны жүзеге асыруда. Инвестор 22 гектар аумақта жылыжай кешенін, тәулігіне 3000 тоннадан астам қызанақ өңдейтін зауыт, жоңышқаны түйіршіктеуге арналған жабдықтар, жеміс-көкөніс сақтау қоймалары мен тоңазытқыш кешенін салуды жоспарлап отыр. Жобаның екінші кезеңінде 8000 гектар алқапта тамшылатып суару жүйесі енгізілмек. Жалпы инвестиция көлемі 180 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұл 800-ден астам жұмыс орнын ашуға, өңдеу қуаттарын тұрақты жүктеуге және өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Екінші меморандум Италияның сыртқы сауданы дамыту агенттігі ICE ұйымымен жасалды. ICE – халықаралық нарықтарда «Made in Italy» өнімдерін насихаттайтын және Италия нарығына шығуға мүдделі шетелдік компанияларға қолдау көрсететін агенттік. Алматыда өкілдігі бар ICE B2B-миссияларды ұйымдастырумен, салалық зерттеулермен және ШОБ-ты қолдаумен белсенді айналысады. Осы келісім аясында екі ел кәсіпкерлері арасындағы байланыс нығайып, қазақстандық өнімнің Италия нарығына шығуы жеңілдейді, сондай-ақ экспорттаушыларға институционалдық қолдау күшейеді.
Үшінші келісім Италия өнеркәсіпшілерінің ең ірі қауымдастығы — «Confindustria» ұйымымен жасалды. Құжат цифрландыру, жасыл технологиялар және орнықты өндіріс салаларындағы бірлескен бастамаларды іске асыруды, сондай-ақ стратегиялық секторларда өндірістік кооперацияны дамытуды көздейді.
«KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы» басқарма төрағасы Ержан Елекеев қол қойылған келісімдерді жоғары бағалап, Италияны Қазақстанның басты еуропалық серіктестерінің бірі деп атады. Оның айтуынша, бұл келісімдер елдер арасындағы өзара сенім деңгейінің жоғары екенін және нақты жобаларды іске асыруға деген ортақ ұмтылысты көрсетеді.
«Біз бұл келісімдерді Қазақстан мен Италия арасындағы экономикалық қатынастардың жаңа кезеңі деп санаймыз. Бұл жай ниет емес — бұл нақты өндірістерді іске қосу, жұмыс орындарын құру және экспорттық кластерлерді қалыптастыру жолындағы нақты қадамдар. KAZAKH INVEST әр жобаны барлық кезеңде — әкімшілік рәсімдерден бастап, шетел нарықтарына өнімді жылжытуға дейін толық сүйемелдеуге дайын», — деді Е. Елекеев.