Қазақстан мен Грекия логистикалық әріптестікті дамыту және бизнес өкілдерінің Орта дәліз жобаларына қатысуын талқылады
ҚР-ның Грекия Республикасындағы Елшілігінің ұйымдастыруымен өткен Қазақстан көлік делегациясының Грекияға сапары аясында көлік, логистика және порт инфрақұрылымы салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге арналған кездесулер мен талқылаулар өтті.
Қазақстан делегациясының құрамында ҚР Көлік министрлігінің өкілдері, «ҚТЖ», «Қазмортрансфлот», «Кедентранссервис», «Kaspi Grain Way» компаниялары және «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясының өкілдері болды. Іс-шараларға «KAZAKH INVEST» компаниясы инвестициялар тарту және маркетинг департаменті директорының орынбасары Әсел Суанқұлова қатысты.
Сапар барысында Грекияның Ұлттық инвестициялық қоры Growthfund PPF, Navios Maritime Holdings және Tsakos Group кеме компаниялары, сондай-ақ Грекия Сыртқы істер министрлігі мен басқа да салалық ведомстволардың өкілдерімен кездесулер өтті. Талқылау барысында «Каспий – Қара теңіз – Жерорта теңізі» бағытын Еуропаның көлік желілеріне, оның ішінде Global Gateway бастамасы аясында интеграциялау мәселелері қаралды.
Грек бизнесімен өткен кездесулер барысында Ә.Суанқұлова Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, елдің логистикалық және транзиттік әлеуетіне ерекше назар аударды. Атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағдарының артықшылықтары мен оны Грекияның порт жүйесімен ықпалдастыру мүмкіндіктері кеңінен түсіндірілді. Сондай-ақ шетелдік инвесторларды сүйемелдеу шарттары, мемлекеттік қолдау шаралары, арнайы экономикалық аймақтарға қол жеткізу және инвесторлар үшін «бір терезе» тетіктері туралы ақпарат берілді.
Оның айтуынша, Қазақстан Еуропалық әріптестерімен тұрақты логистикалық тізбектерді құруға және өндірістік кооперацияны дамытуға мүдделі, ал «KAZAKH INVEST» нақты жобаларды пысықтау мен іске асыруда толық қолдау көрсетуге дайын.
Сапар Қазақстан мен Грекия іскерлік топтарының арасындағы тікелей байланысты институционализациялауға және нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды. Талқылау нәтижелері бірлескен жобаларды ілгерілетуге және жоғары деңгейдегі келесі байланыстарға дайындыққа негіз қалайды.