Tiryaki Agro Астанада жоғары технологиялық агроөнеркәсіптік кешен құруға $320 млн инвестиция салмақ
Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров «Kazak Protein» ЖШС-нің бас директоры Юлдыз Коксал Салихпен кездесу өткізді. Кездесу барысында Қазақстандағы астық пен бұршақ дақылдарын терең өңдеу жобасының өзекті мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында түркиялық Tiryaki Agro холдингі жүзеге асырып жатқан Астана қаласындағы интеграцияланған агроөнеркәсіптік кешен құрылысы жобасының негізгі кезеңдері қарастырылды.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі $320 млн құрайды, ал оны іске асыру 500-ден астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Кешен құрамына жоғары қосылған құны бар өнімдерді – крахмал, глютен, лизин, глюкоза-фруктоза шәрбаты, құрамажем және бұршақ протеин изолятын өндіретін бидай мен бұршақты қайта өңдеу бойынша екі зауыт кіреді. Жылдық шикізат қажеттілігі 250 мың тонна бидай мен 80 мың тонна бұршақты құрайды.
«Біз Қазақстан Үкіметімен Инвестициялық шарт пен Инвестициялар туралы келісім жасасу мақсатында барлық қажетті рәсімдерді аяқтауды жоспарлаудамыз. Сондай-ақ, біз жобаны инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелеріне, соның ішінде су, газ және электр энергиясымен жабдықтау мен теміржол логистикасына ерекше назар аударамыз. Бұл бағытта тиісті мемлекеттік органдармен тығыз ынтымақтастық орнатудамыз.Осы кезеңдерді сәтті жүзеге асыру Қазақстан экономикасына маңызды үлес қосатын озық өндірісті құруға мүмкіндік беретініне сенімдіміз», – деп атап өтті Юлдыз Коксал Салих.
Өз кезегінде Ә. Қуантыров Түркия Республикасымен стратегиялық серіктестікті атап өтіп, Tiryaki Agro компаниясымен ынтымақтастықтың маңыздылығына назар аударды. Ол компанияның агроөнеркәсіптік сектордағы көпжылдық тәжірибесі мен өңдеу өнеркәсібін дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады. Осы орайда, вице-министр Инвестициялар туралы келісім жасау процесіне жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Жоба Қазақстандағы өңдеу өнеркәсібін дамытуға, экономиканы әртараптандыруға және шетелдік инвестицияларды тартуға ықпал ететін 17 стратегиялық жобаның тізіміне енгізілді.
Анықтама:
Tiryaki Agro – әлемнің 80 еліне ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттайтын Түркияның ең ірі агрохолдингтерінің бірі. Компанияның жылдық айналымы $2,5 млрд-тан асады, ал сату көлемі 4 млн тоннадан жоғары. 2019 жылы Tiryaki Agro Fortune-500 нұсқасы бойынша Түркияның ең ірі жеке компаниялары рейтингінде 64-орынға ие болды.