Қазақстан мен Нигерия ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады

Нигерия астанасы Абуджада Қазақстан-Нигерия бизнес-конференциясы өтті. Іс-шараға йоруба халқының Иле-Ифедегі королі Оба Адейейе Энитан Огунвуси төрағалық етті. Қазақстандық делегацияны ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров басқарды. Конференцияның басты мақсаты – сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, инвестициялық мүмкіндіктерді талқылау және стратегиялық салалардағы ынтымақтастықты нығайту.

Қазақстан делегациясының Нигерияға сапары бұған дейін Абу-Дабиде өткен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Нигерия Президенті Бола Ахмед Тинубудың келіссөздерінің нәтижесі болды.

Конференцияға қазақстандық тараптан Алжирдегі ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі Ануарбек Ахметов, Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Торебаев, мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік және жеке секторлардың өкілдері қатысты. Нигерия тарапынан – ауыл шаруашылығы министрі Абубакар Куяри, коммуникациялар, инновациялар және цифрлық экономика министрлігінің тұрақты хатшысы Фарук Юсуф Ябо, ірі банктердің басшылары және 30-дан астам жеке кәсіп өкілдері қатысты.

Конференцияда екі ел азаматтары мен дипломаттары үшін визалық режимді жеңілдету, сондай-ақ елдер арасындағы тікелей әуе қатынасын орнату мүмкіндігі қарастырылды. Бұл сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.

Цифрландыру мен инновацияларға ерекше назар аударылды. Қазақстан мен Нигерия ақпараттық технологиялар, деректер орталықтарын салу және финтех шешімдерді дамыту саласындағы ынтымақтастықты қарастыруда. Кездесу барысында қаржылық операциялардың тиімділігін арттыру, адами капиталды нығайту және бизнес-процестерді оңтайландыру үшін цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті дамыту мәселелері көтерілді. Сонымен қатар, тараптар жер қойнауын пайдалану саласындағы серіктестік пен Қазақстан өнімдерін Нигерияға және Африка нарығына экспорттау мүмкіндіктерін талқылады.

Агроөнеркәсіптік сектордағы әріптестік маңызды бағыттардың бірі болды. Қазақстан астық және майлы дақылдарды экспорттау мүмкіндігін қарастырып, ауыл шаруашылығында озық технологияларды енгізу перспективаларын талқылады.

Талқылау қорытындысы бойынша Әлібек Қуантыров бұл конференция Қазақстан мен Нигерия арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін ашатынын атап өтті.

"Бұл сапар ерекше маңызды, өйткені бұл – Қазақстан делегациясының Нигерияға жасаған алғашқы ресми сапары. Біз бүгінгі талқылаулар екі ел арасында терең, құрылымдық және өзара тиімді әріптестіктің негізін қалайды деп сенеміз. Қазақстан мен Нигерия табиғи ресурстарға ғана емес, сондай-ақ энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрлық технологиялар мен өнеркәсіптік өндіріс салаларындағы бірлескен жобалар арқылы ашуға болатын үлкен экономикалық әлеуетке ие", – деді Әлібек Қуантыров.

Тараптар екіжақты ынтымақтастықты нығайту қажеттілігін атап өтіп, сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі дамыту үшін зор әлеует бар екенін жеткізді. Алдағы күндері Нигерия министрліктері мен ірі компанияларының өкілдерімен қосымша кездесулер, сондай-ақ Абуджада өтетін энергетикалық форум аясында талқылаулар жоспарланған.

Анықтама:

Нигерия – Африкадағы ең ірі экономика және халық саны ең көп мемлекет, тұрғындар саны 220 миллионнан асады. Ел табиғи ресурстарға бай, қарқынды дамып келе жатқан нарыққа ие және экономикасының түрлі секторларында халықаралық ынтымақтастық үшін стратегиялық әлеуетке ие.