Қытайдың JUNHAO компаниясы Қазақстанға ауқымды инвестиция салуды жоспарлап отыр
«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ алаңында ҚР Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов пен Shenzhen Junhao Group компаниясының төрағасы Ши Цзинью кездесті. Келіссөздер барысында Қазақстандағы ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және екіжақты әріптестікті дамыту перспективалары талқыланды.
Ши Цзинью JUNHAO компаниясының Орталық Азияға арналған инвестициялық жоспарын таныстырды. Жоспарда коммерциялық жылжымайтын мүлік, қонақ үй бизнесі, индустриялық технопарк және басқа да негізгі салаларды дамыту көзделген. Жалпы инвестиция көлемі 5 миллиард АҚШ долларына жетуі мүмкін, ал жобаларды жүзеге асыру мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
JUNHAO Қазақстанда көпфункционалды коммерциялық кешен салу мүмкіндігін қарастыруда. Сондай-ақ 2000 орындық үш бесжұлдызды қонақ үй, заманауи ойын-сауық орталығы және люкс брендтері шоғырланған сауда кешенін салу жоспарда бар.
Кездесу барысында тараптар қазақстандық кәсіпорындармен және мемлекеттік органдармен ықтимал ынтымақтастық формаларын талқылады.
Ғабидолла Оспанқұлов Қазақстанның ірі шетелдік инвесторларды тартуға мүдделі екенін атап өтіп, елге жаңа технологиялар әкеліп, жаңа жұмыс орындарын ашуға дайын компанияларды қолдайтынын жеткізді.
Қазіргі уақытта JUNHAO Гонконг, Лондон, Шэньчжэнь және басқа да қалаларда сәтті жобаларды жүзеге асыруда. Қазақстан компания үшін бизнесті кеңейтуге перспективалы бағыт ретінде қарастырылуда. Тараптар келіссөздерді жалғастырып, ынтымақтастық шарттарын жан-жақты пысықтауға уағдаласты.
Анықтама:
JUNHAO компаниялар тобы 2010 жылы Шэньчжэнь қаласында құрылған және 40 миллиард юань активі бар көпсалалы ірі корпорация болып табылады. Компания жылжымайтын мүлік, құрылыс, коммерциялық қонақ үй бизнесі және халықаралық сауда салаларына маманданған.