Итальяндық компания Қазақстанда мұнай-газ жабдықтарын өндіруді жергілікті деңгейде дамытуға мүдделі

Италия Республикасының Флоренция қаласында әлемдік энергетика көшбасшыларының 25-ші жыл сайынғы кездесуі – Baker Hughes Annual Meeting 2025 өтті. Бұл шараға 2000-нан астам салалық сарапшылар, пікір көшбасшылары және мемлекеттік құрылымдардың өкілдері жиналып, энергетикалық сектордың негізгі үрдістері мен даму перспективаларын талқылады.

Қазақстан тарапынан шараға «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ-ның шетелдік өкілі Алтынай Мұқанова, Мұнай-газ машина жасауын дамыту жөніндегі халықаралық орталық (IMBC) басшылығы, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ, Мұнай сервис компаниялар одағы және мұнай-газ жабдықтары саласындағы қазақстандық бизнес өкілдері қатысты.

Форум аясында А. Мұқанова италиялық «Nuovo Pignone» компаниясының атқарушы директоры Фабио Брогинимен келіссөздер жүргізді. Кездесудің басты тақырыбы Қазақстанда мұнай-газ жабдықтарын өндіруді жергілікті деңгейде дамыту әлеуетін талқылау болды. Шетелдік өкіл қазіргі уақытта Қазақстанда 200-ден астам кәсіпорын осы саладағы жобаларды іске асыруға қатысу әлеуетіне ие екенін атап өтті, сондай-ақ, Қазақстан үкіметі жер қойнауын пайдаланушылар үшін сатып алу ережелерін өзгертіп, отандық өндірушілердің тауарларын сатып алуды ынталандыруға бағытталғанын айтты.

Сонымен қатар, шара аясында «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ-ның қолдауымен «IMBC» және италиялық «Nuovo Pignone» компаниясы арасында мұнай-газ машина жасау саласындағы бірлескен жобаларды дамытуға арналған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Бұдан бөлек, қазақстандық делегация «Nuovo Pignone» өндірістік қуаттарына барып, газ агрегаттары мен компрессорларын шығару процесімен танысты.

Анықтама: «Nuovo Pignone» – 170 жылдан астам тарихы бар италиялық машина жасау компаниясы, мұнай-газ, химия және энергетика салаларына арналған компрессорлар мен газ турбиналарын өндіруге маманданған. Бүгінде әлемнің 100-ден астам елінде мұнай-газ саласының барлық сегменттері үшін озық технологиялық жабдықтар мен қызметтерді өндіру бойынша әлемдік көшбасшы.