Қазақстан мен Мажарстан ынтымақтастық көкжиектерін кеңейтуде
2024 жылғы 12 желтоқсанда Будапешт қаласында Қазақстанның Венгриядағы Елшілігі мен «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен және Мажарстанның экспортты дамыту жөніндегі агенттігі «HEPA» мен Мажарстанның индустрия және сауда палатасының қолдауымен «Қазақстан – Мажарстан: сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жаңа трендтері» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Қазақстан мен Мажарстанның мемлекеттік органдары мен жетекші компанияларының өкілдері қатарынан 70-тен астам қатысушы жиналды.
Дөңгелек үстелде Қазақстан Республикасының Венгриядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, «KAZAKH INVEST» компаниясының Мажарстандағы өкілі Улбосын Сарыбаева, Мажарстан Ұлттық Банкінің басқарушы орынбасары Чаба Кандрач, «HEPA» Бас директоры Габор Йенеи және басқалар сөз сөйледі. Қазақстан-Мажарстан ынтымақтастығын дамытуда «MOL Group», «UBM Group», «L.A.C. Holding», «Elitmag», «Alfaseed», «MVM Group» және «I-Cell» сияқты компаниялардың қызметі атап өтілді. Бұл компаниялардың жобалары энергетика, логистика, ауыл шаруашылығы және жаңартылатын энергия көздері сияқты салаларды қамтиды. Өз кезегінде, компания өкілдері Қазақстанда жаңа өндірістік қуаттарды құру арқылы ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екендіктерін білдірді.
Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – Қазақстан мен Мажарстан арасындағы іскерлік байланыстарды нығайту, перспективалы жобаларды таныстыру және ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын анықтау. Іс-шара барысында қатысушылар инфрақұрылым мен логистиканы дамыту, агроөнеркәсіптік кешендегі бірлескен жобалар, атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастық, білім беру және цифрлық трансформация салаларындағы жаңа мүмкіндіктерді қоса алғанда, негізгі мәселелерді талқылады.
Бұл іс-шара 2023 жылғы қарашада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мажарстанға мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадамға айналды.