Астанада Қазақстан-Германия бизнес-форумы өтті
Астана қаласында «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ қолдауымен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ГФР Канцлері Олаф Шольцтың қатысуымен қазақстандық-германдық бизнес-форум өтті. Іс-шара экономиканың басым секторларында қазақстан-герман ынтымақтастығын дамытуға арналды және екі елдің мемлекеттік құрылымдары мен бизнес-қоғамдастықтарының 500-ге жуық өкілдерін тартты.
Форум барысында қазақстандық тараптан Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы, «Бәйтерек» ҰБХ АҚ Басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин және т. б. сөз сөйледі.
Германия тарапынан спикерлер ретінде Федералдық экономика және климатты қорғау министрлігінің парламенттік статс-хатшысы Михаэль Хармс, «Siemens Energy Global GmbH & Co. KG» Басқарма төрағасы Доктор Кристиан Брух, «DB E.C.O. Group» Басқарма Төрағасы және Германия экономикасы Шығыс Комитеті президиумының мүшесі Нико Варбанофф және «Rhenus SE & Co. KG» Бас директор Тобиас Барц сөз сөйледі.
Пленарлық Сессияны ашқан Ә. Қуантыров Қазақстан мен Германия арасындағы инвестициялық ынтымақтастықтың жемісті дамуына назар аударды.
«Қазақстанда 740-тан астам неміс компаниясы, сондай-ақ 400 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. 2005-2023 жылдар аралығында біз неміс бизнес-қоғамдастығынан Қазақстан экономикасына тартылған инвестициялар көлемінің $6,7 млрд сомаға жеткен әсерлі өсуінің куәсі болдық. Германия Қазақстанның ЕО-дағы негізгі сауда серіктесі болып табылатындығын ескере отырып, біз екі елдің бизнес-қоғамдастықтары арасындағы өзара іс – қимылды одан әрі жандандыруымыз керек», – деп атап өтті Министрдің орынбасары.

Энергетика, көлік және логистикаға арналған панельдік сессияда сөйлеген сөзінде «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ержан Елекеев екіжақты ынтымақтастықты дамыту үшін бірқатар перспективалы тауашаларды белгіледі. Е. Елекеев Германияның жасыл технологиялар саласындағы тәжірибесі Қазақстанның табиғи ресурстарымен және кең аумақтарымен ұштастыра отырып, жаңартылатын энергия көздері мен өңдеу өнеркәсібі саласындағы кооперация үшін бірегей мүмкіндік беретінін атап өтті.
Өз кезегінде, неміс спикерлері бірлескен перспективалық жобаларды іске асыруға үлкен қызығушылық танытып, қазақстандық әріптестермен одан әрі ынтымақтастықты жолға қоюға ұмтылыстарын білдірді. Атап айтқанда, «Siemens AG» Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша Вице-Президенті Патриция Нойманн компанияның Қазақстанда өлшеу аспаптарын өндіруді оқшаулау жөніндегі жоспарлары туралы айтып берді. Т. Барц Rhenus SE, Ақтау порты және «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның үш модальды контейнерлік терминал салу жөніндегі бірлескен жоспарлары туралы бөлісті.

Форум соңында коммерциялық құжаттарға қол қою рәсімі, сондай-ақ B2B форматындағы екіжақты кездесулер өтті.