Сауд Арабия Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция құюға мүдделі

Астанада АХҚО алаңында Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашүкеев пен Сауд Арабиясының Қоршаған орта, су ресурстары және ауыл шаруашылығы министрі Абдулрахман Альфадлидің қатысуымен Қазақстан-Саудияның кеңейтілген дөңгелек үстелі өтті. «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ және АХҚО қолдауымен Ауыл шаруашылығы министрлігі ұйымдастырған шараға екі елдің мемлекеттік органдары мен жеке секторының 30-дан астам өкілі жиналды.


Кездесу барысында Қазақстан мен Сауд Арабиясының министрлері екі ел экономикасының стратегиялық саласы ретінде ауыл шаруашылығының маңыздылығын атап өтіп, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға жәрдемдесуге дайын екендіктерін жеткізді. Мал және өсімдік шаруашылығы өнімдерін өңдеу, сондай-ақ ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту және жаңа технологияларды енгізу саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашүкеев өз баяндамасында екі елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ұмтылысын ескере отырып, Қазақстанның Сауд Арабиясымен қарым-қатынасты кеңейтуге дайын екенін атап өтті. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы елдер арасындағы ауылшаруашылық өнімдерінің айналымын арттыру мақсатында Қазақстан Республикасында халал өнімдерінің сапасына ортақ сертификаттау орталығын құруды ұсынды.


Сауд Арабиясының Қоршаған орта, су ресурстары және ауыл шаруашылығы министрі Абдулрахман Альфадли әріптесінің өнімді сертификаттау орталығын құру туралы ұсынысын қолдап, сонымен қатар саудиялық компаниялардың Қазақстанда бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға аса мүдделі екенін атап өтті.


Сауд Арабиясының министрінің сөзін растай отырып, Сауд Арабиясының ірі ауылшаруашылық компанияларының бірі «SALIC» компаниясының бас директоры Сулайман Алрумайх Қазақстан Республикасының аумағында ет өндіретін кәсіпорын ашуға мүдделі екенін білдірді. Оның айтуынша, SALIC Сауд Арабиясында осыған ұқсас 10-нан астам жобаны жүзеге асырған және бұл тәжірибені Қазақстанда қолдануға дайын.


KAZAKH INVEST басқарма төрағасының орынбасары Жандос Темірғали Қазақстан мен Сауд Арабиясының инвестициялық портфелі қазіргі таңда құны 1 миллиард доллардан асатын 12 жобадан тұратынын атап өтті. Оның айтуынша, елдердің агроөнеркәсіп кешеніндегі жобаларды жүзеге асыруға әлеуеті жоғары.


Форумға сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығының басшысы Ренат Бектұров пен «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ төрағасының орынбасары Ғалым Үсен қатысып, өз ұйымдарының қызметі туралы айтты.

Іс-шара соңында министрлер бұл дөңгелек үстел Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам болғанын атап өтті.