Шведтік «SCANIA» көліктер шығару жобасын іске қосты

Қарағанды облысының Саран қаласында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, Швеция Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің, "KAZAKH INVEST "ҰК" АҚ қолдауымен "SCANIA"Швед брендінің көлік техникасы өндірісін іске қосу рәсімі өтті.

«Бұл Швеция мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас үшін өте маңызды күн. Мен SCANIA-ның Қазақстанды таңдағанын мақтан тұтамын, өйткені сіздің ел инвестиция үшін тартымды алаң болып табылады. Әрине, бұл ретте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымы маңызды рөл атқарады. Сондықтан Қазақстан мықты серіктес ретінде қазір тек швед инвесторларының ғана емес, бүкіл Еуропаның назарында», - деді Швеция Корольдігінің Қазақстандағы Елшісі Ева Пулано.

0L8A8565.jpg

SCANIA сияқты жетекші өндірушімен ынтымақтастық моноқаланың, аймақтың және тұтастай алғанда саланың жаңа перспективалары мен мүмкіндіктерін ашады. Жобаны жүзеге асыру үшін жолаушылар автобустары, электробустар, карьер, құрылыс, жол техникасы және жоғары білікті мамандар шығаратын заманауи технологиялары бар қазақстандық «QazTechna» зауыты таңдалды.

«SCANIA – инновация, сенімділік және жоғары сапаның синонимі. QazTehna жергілікті экономиканы дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және Қазақстанның техникалық әлеуетін арттыруға көмектесетін қазақ-швед ынтымақтастығы синергиясын мақтан етеді. Біз бірге көлік техникасын өндіруде жаңа белестерді бағындырамыз және тұтынушыларымыздың сұранысын қанағаттандыратын боламыз», - деді өз сөзінде QazTehna зауытының бас директоры Арғұлан Майқонов.

0L8A8864.jpg

«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Еуропа елдерімен ынтымақтастық бөлімінің басшысы Анара Мекебаева KAZAKH INVEST отандық және шетелдік инвесторларға экономиканың басым секторларында жобаларды жүзеге асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.

«Машина жасау – Қазақстан экономикасының басым салаларының бірі. Ірі инвесторлардың келуімен және озық әлемдік тәжірибенің енгізілуімен отандық машина жасаудың бәсекеге қабілетті және экспортқа бағдарланған деңгейге шығуға толық мүмкіндігі бар», - деді А.Мекебаева.

0L8A8686.jpg

Швеция Корольдігі Қазақстанның Солтүстік Еуропадағы маңызды серіктесі болып табылады. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге, инвестицияларды ынталандыруға және өзара қорғауға бағытталған елдер арасында бірқатар үкіметаралық келісімдер бар. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің деректері бойынша 2005-2022 жылдар аралығында Қазақстан экономикасына шведтік тікелей инвестицияның жалпы ағыны 556,3 млн долларды құрады.