Мексика Қазақстанмен инвестициялық ынтымақтастыққа қызығушылық танытып отыр
Мексика Парламенті депутаттарының Қазақстанға сапары аясында делегацияның «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ-пен кездесуі өтті, онда тараптар елдер арасындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.
Федералды депутат, Мексика-Қазақстан достық тобының төрағасы Хосе Мигель де ла Круз Лима мексикалық тараптың екіжақты қарым-қатынастарды кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті. Сондай-ақ Мексика-Қазақстан достық тобының саяси, экономикалық және мәдени ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған қызметі туралы айтты. Ол Мексиканың Қазақстанмен қарым-қатынасын маңызды және перспективалы деп бағалайтынын, сондықтан сапар барысында елдің тәжірибесі мен инвестициялық мүмкіндіктерін зерттеуге мүдделі екенін атап өтті.
KAZAKH INVEST Басқарма төрағасының орынбасары Жандос Темірғали соңғы жылдары елдер арасындағы сауда-экономикалық көрсеткіштердің тұрақты өскенін атап өтіп, инвестициялық қарым-қатынастарды тереңдету керектігін жеткізді. Оның айтуынша, экономикалық интеграция арқылы екіжақты қарым-қатынастарды қалыптастыру үрдісінің өсу қарқыны аясында Қазақстан халықаралық, оның ішінде Мексика инвесторларымен инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Экономикалық, мәдени және әлеуметтік көзқарастардың ұқсастығы, сондай-ақ тұлғааралық қарым-қатынастардың орнығуы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету үшін берік негіз жасайды.
Келіссөздер барысында KAZAKH INVEST жобасының менеджерлері Диана Әблякимова, Лейла Гимранова және Данагүл Сатова делегаттарды Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырып, ел экономикасының агроөнеркәсіптік және энергетикалық секторларының экономикалық әлеуеті туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Сапар барысында мексикалық делегация сонымен қатар Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының және квазимемлекеттік сектордың өкілдерімен кездесулер өткізді.