Алматыда Қазақстан-Солтүстік Македония бизнес форумы өтті

2022 жылғы 5 қыркүйекте Алматыда қазақстандық және солтүстік македониялық бизнес өкілдерінің қатысуымен бизнес-форум өтті. Форумда агроөнеркәсіптік кешен, фармацевтика, мұнай-химия сияқты салалардағы инвестициялық мүмкіндіктер мәселелері талқыланды.

Екіжақты ынтымақтастықты қарқынды дамытудың маңызды тетігі 2020 жылдың қазан айында құрылған Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия болып табылады.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев құттықтау сөзінде Қазақстандағы инвестициялық ахуалдың тартымдылығы туралы айтты.

«Қазақстан Орталық Азиядағы инвестиция үшін ең тартымды жер болып қала береді. Біздің еліміз шетел инвестициясы ағынының пандемияға дейінгі деңгейіне қол жеткізді. Өткен жылы шетелдік серіктестер экономикамызға 24 миллиард долларға жуық инвестиция салды. Тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері Қазақстандағы ТШИ 380 миллиард доллардан асып, Орталық Азия аймағында ТШИ тарту бойынша жетекші ел болып табыламыз. Агробизнес, тау-кен металлургия өнеркәсібі, мұнай-химия, денсаулық сақтау, көлік-логистика, туризм, машина жасау және т.б. салаларда кең инвестициялық мүмкіндіктер ашылуда», – деді Ардақ Зебешев.

IMG_9658(1).jpg

Форумда «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ атынан Инвестицияларды ынталандыру және маркетинг департаменті директорының орынбасары Әсел Суанқұлова мен жоба жетекшісі Алтынай Мұқанова сөз сөйледі. Жиналғандар Қазақстан Республикасындағы инвестициялық қызметті мемлекеттік қолдау шаралары және ұлттық компания ұсынатын «бір терезе» қағидаты бойынша инвесторларды қолдау туралы хабардар болды.

Форумда қатысушылар екі елге инвестиция салудың артықшылықтарымен танысты. Қазақстандық және солтүстік македониялық бизнес өкілдері өз компанияларын таныстырды және форумнан кейін алдағы ынтымақтастық бойынша тереңдетілген келіссөздер үшін B2B кездесулерін өткізді.

Форумды Қазақстан Республикасындағы Солтүстік Македония Елшілігі мен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ ұйымдастырды.

Анықтама:

Қазақстандық кеден статистикасы бойынша, 2021 жылы Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы тауар айналымы 1,67 млн ​​долларды (экспорт – 140,4 мың; импорт – 1,53 млн) құрады, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 15%-ға аз.

2022 жылдың қаңтар-маусым айларында тауар айналымы 8,4 млн долларды (экспорт – 7,3 млн; импорт – 1,1 млн) құрады, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 88,3%-ға артық.

Қазақстан Республикасының негізгі экспорттық тауарлары мал және өсімдік текті өнімдер, дайын өнеркәсіп тауарлары болып табылады.

Қазақстандық импорттың құрылымында жануарлар мен өсімдік тектес өнімдер, дайын өнеркәсіп өнімдері, машиналар, жабдықтар, көлік құралдары, аспаптар мен аппаратуралар, металдар мен олардан жасалған бұйымдар, тоқыма бұйымдары, резеңке мен пластмассаларды қоса алғанда, химия және аралас өнеркәсіп өнімдері басым.