TikTok Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті

Бұл туралы Шығыс Еуропадағы TikTok өкілдігінің директоры Олег Соколов ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаровпен және «Kazakh Invest» ҰК» АҚ өкілдерімен кездесу барысында хабарлады.

2018 жылы іске қосылған TikTok халықаралық нұсқасы – ай сайынғы әлемдік аудиториясы миллиард пайдаланушыдан асатын жетекші ғаламдық Интернет-платформалардың бірі.

TikTok компаниясы делегациясының елімізге келу себебі білім беру, мәдениет, туризм саласындағы жобалар және Қазақстан аумағында платформаны дамытудың басқа да мәселелерін талқылау болып табылады.

TikTok өкілдерінің ақпараты бойынша, бүгінде Қазақстанда тіркелген 7 миллионнан астам пайдаланушы платформаны ай сайын пайдаланады. Компания әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстанда білім беру және мәдениетті дамытуға жәрдемдесу саласында ауқымды жобаларды іске асырады.

Олег Соколов TikTok компаниясының ҚР аумағында ұлттық театрлар мен мұражайларды ілгерілетуді қоса алғанда, платформаның мәдени-танымдық контентін күшейту жөніндегі ниетін атап өтті.


Өз кезегінде Алмас Айдаров Қазақстанда компания өкілдігін ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды және компанияның елдегі бастамаларына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін хабарлады.

Сапар аясында, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ және «Зерде» холдингі АҚ ұйымдастыруымен TikTok компаниясының өкілдері ҚР МСМ, ҚР АҚДМ, ҚР ЦДИАӨМ, ҚР БҒМ және т.б. органдардың басшыларымен кездесулер өткізді.


Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара ынтымақтастықты нығайтуға келісті.