Әлемнің 30 Елінен 150-Ден Астам Компанияның Өкілі Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевпен Қазақстандағы Инвестициялық Климатты Талқылады

Әлемнің 30 Елінен 150-Ден Астам Компанияның Өкілі Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевпен Қазақстандағы Инвестициялық Климатты Талқылады

Қазақстанның қарқынды дамушы экономикасына жаңа инвестиция тартуға арналған Kazakhstan Global Investment roundtable (KGIR) іс-шарасында алғаш рет ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев әлемдегі ірі компаниялардың жоғары деңгейдегі жетекшілерін Қазақстан Үкіметімен ашық диалогқа жинады.

Астанадағы іс-шараға әлемнің 30 елінен 150-ден астам компанияның өкілі Nasdaq, Mitsui & Co., Master Card, Yildirim Holding, World Bank, COSCO Shiping, COFCO, China Gezhouba International Engineering, Calik Holding, Alstom, Aberdeen Standard Life, Tokyo Rope, Marubeni, ENI, Farm Frites, РОСАТОМ, Cottonex, Air Liquide, CIS-Airbus Group тәрізді халықаралық компаниялардың жетекшілері келді.

Алғашқы сөзде ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Қазақстанның бүгінде технологияның екпінді дамуынан туындаған заманауи тегеуріндерге дайын екенін және әлемдік экономикада өзіне лайықты орын иелене алатынын атап өтті.

Жыл басында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның экономикалық дамуының кешенді стратегиясы – «Модернизация 3.0» туралы жариялады. «Қазақстанның экономикалық реформаларының бағдарламасы: «Тегеуріндер мен мүмкіндіктер» пленарлық отырысында, қатысушылар осы реформаны жүзеге асыру барысында ел алдына қойылатын міндеттер мен Қазақстан экономикасының алдында ашылатын келешекті талқылады. Пікірталас қатысушылары қазіргі экономикалық салаларды жаңғырту үшін және жаңасын құру үшін Қазақстанда қолдануға болатын жаһандық трендтерді талқылады. Сондай-ақ қазақстандық бастамаларды жүзеге асыруға халықаралық бизнес-қауымдастықты тарту үшін инвестициялқ климатты жетілдіру ұсыныстары қарастырылды.

 «Атқарылған іс-шаралардың арқасында 2017 жылы ІЖӨ 4,0%-ға өсті. Жеке меншік инвестициялар мен халықтың тұтыну белсенділігі қалпына келтірілуде. Оған қоса, экономикамыз бен елімізді жаңарту жөніндегі жоспарларымызды сәтті жүзеге асыру үшін бізге жаңа инвестиция ағыны керек», - деп ҚР Премьер-Министрі мәлімдеді.  

«Қазақстанның өндірістік-экономикалық және әлеуметтік инфрақұрылымына жеке инвестиция салу: өсуді ынталандыру» тақырыбындағы кезекті панельдік пікірталас Еуропа мен Азияны байланыстырушы ел ретінде Қазақстанның транзиттік әлеуетіне қатысты мәселелерді көтерді. Географиялық орналасу жағдайының арқасында Қазақстанның экономикалық әлеуетін арттырудың тамаша мүмкіндігі бар. Ол үшін логистикалық мүмкіндіктерді кеңейтіп, телекоммуникациялық желілерді дамыту керек және денсаулық сақтау, білім тәрізді әлеуметтік салаларға көп көңіл бөліп, өнеркәсіпке жаңа озық технологияларды енгізу керек. 

«Индустрия 4.0 – Қазақстанның экономикалық жаңғыруының жаңа кезеңі» панельдік пікірталасында қатысушылар қазақстандық кәсіпорындарға өнеркәсіп интернетін қолдануға,  3D баспаға, робототехникаға, ауқымды деректерді талдауға, жасанды интеллектіге, машиналық үйренуге және басқаларына қатысты алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу мүмкіндіктерін талқылады. Пікірталас қатысушылары нормативтік реттеу және Қазақстанға заңнамалық деңгейде технологияны енгізуге жағдай жасауға қаысты сұрақтарға жеке-жеке тоқталды.

Бақытжан Әбдірұлының атап өткеніндей, инвестицияның жоғары деңгейлі әлемдік бәсекелестігі жағдайында Қазақстан әр инвестор үшін талмай күресуге дайын, сол үшін бизнесті жайлы жүргізуге барлық жағдай жасалған:

  1. Сатып өткізудің ең ірі нарықтарына шығу – ЕАЭО, Ресей, Қытай, Орта Азия;
  2. Негізгі әлемдік нарықтарға шығу үшін қысқа көлік-логистикалық қолдау;
  3. Түбегейлі жаңа механизм – Астана халықаралық қаржы орталығы;
  4. Жекешелендірудің ең үлкен толқыны;
  5. Мемлекет-жеке меншік серіктестігінің мүмкіндіктері және Үкімет үшін маңызды экономикалық секторларға инвестиция құю;

Онымен қоса, KGIR алаңында үкіметтік брифингтер өтіп, онда келесі басым бағыттардың мәселелері талқыланды: 

  • Көлік және логистика;
  • Агроөнеркәсіп кешенін кеңейту;
  • АХҚО – Астана аймақтағы қаржы орталығы;
  • Тау-кен кешені;
  • Жекешелендіру: жаңа кезең;
  • Энергетика саласын дамыту келешегі.

ҚР Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек атап өткендей: «Қазір Қазақстанда қолайлы инвестициялық климат жасалған, көп жағдайда бұл Елбасы мен Қазақстан Үкіметінің қолдауының арқасында жүзеге асты. Бүгінгі іс-шара еліміздің экономикасын дамытудың жаңа көкжиегін анықтап, халықралық ынтымақтастықты нығайтуға көмектеседі деп үміттенеміз».

Соңғы сөзінде Бақытжан Сағынтаев бүгінгі іс-шара іскер орта серіктестігінің ынтымақтасуына жағдай жасап, жаңа мүмкіндіктер мен жарқын келешекті көрсететінін атап өтті.

 «Соңғы 10 жылда Қазақстан 250 млрд-тан астам АҚШ доллары көлемінде шетелдік тікелей инвестицияны экономиканың әр саласына тартты, елімізге келген және осы жерде өз жобасын жүзеге асырып жүрген барлық инвесторға ризамыз», - деп Қазақстан Премьер-Министрі сөзін қорытындылады.  

Kazakhstan Global Investment roundtable (KGIR) қорытындысы бойынша жалпы сомасы 5 млрд. АҚШ долларынан асатын 12 келісім мен меморандумға қол қойылды.