ҚАЗАҚСТАН БИЗНЕСІ ҮШІН ЖАҢА ЭКСПОРТТЫҚ БАҒЫТ АШЫЛДЫ

Өткен демалыс күндері Ауғанстан астанасында «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясының ұйытқы болуымен қазақстандық өндірушілердің тауарлары мен қызметтерінің 2-сауда миссиясы шарасы өтті. Мұндай алғашқы іс-шара 2013 жылы өткен болатын, оның нәтижесінде Ауғанстан нарығына жалпы сомасы 27 млн.  АҚШ долларын құрайтын қазақстандық өнімдерді (май өнімдері, ұн, трансформатор) жеткізу уағдаластығына қолжеткізілген еді.

Осы сауда миссиясы бинес-форум форматында өткізілді, оған 11 отандық кәсіпорын, атап айтқанда, «Цесна-Астық» концерні (астық өнімдерінің өндірісі), «Golden Food Company» ЖШС (қант және консервтік өнімдер өндірісі), «Пионер» компаниялар тобы (ұн және ұн өнімдерін шығару), «Inter Trade» ЖШС (ұн өндірісі және сату), «Алматинский завод мостовых конструкций» ЖШС (темір бетон конструкциялары мен бұйымдары өндірісі), «SIEGER WDF» ЖШС (ПВХ профилдары, терезе алды тақтайшалары, құбыр, фитингтер өндіру кәсіпорны), «IT&M» ЖШС (каучуктік оқшаулау материалдарының өндірісі), «Elif Chemicals» ЖШС (құрғақ құрылыс материалдарының қоспасы), №1 Семей ағаш өңдеу зауыты (плита өнімдерін шығару), «Keruen Plus» ЖШС (ПВХ профилі, ППР және ПВХ құбырлары мен фитингтер, тереза алды тақтайшалары өндіру) және «Tectum Engineering» ЖШС (талшықты және жалпақ шифер, асбоцементтік құбыр өндірісі) сияқты кәсіпорын өкілдері қатысты.

Қазақстан бизнесінің сауда миссиясына Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты ұсынуға дайын ауғандық тарап аса жоғары қызығушылық танытты. Ауғанстанның сауда-өнеркәсіптік палатасының өкілдері  қазақстандық өнімдердің сапасына жоғары баға берді және  жергілікті нарықта ұсынылған тауарларға деген сұраныстың болатындығын растады.

Өз кезегінде сөз алған сауда миссиясына қатысушы қазақстандық өндірушілер өздері шығарған тауарлар мен қызметтердің экспорттық ілгерлеуі үшін мемлекеттік қолдаудың қажеттілігін және маңызды шаралардың бір екендігін атап айтты. «Elif Chemicals» ЖШС директоры Алмас Рысқалиев: «Осы бизнес-форум шеңберінде біздің компаниямен ынтымақтастыққа жоғары қызығушылық танытып отырған ауғандық серіктестермен жемісті іскери келіссөздер жасалды. Бастапқы кезең үшін айына 2 вагон гипсокартон және өңдеу өнімдерін жеткізу туралы келісімге қолжеткізілді»,-деді.

«KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясының Экспортты ілгерлету жөніндегі қызметінің Басқарушы директоры Асқар Арынов өз сөзінде: «2016 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы  489,4 млн. АҚШ долларын құрады, бұл 2015 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 30,7 пайызға жоғары.  Сондай-ақ Қазақстанның Ауғанстандағы экспорт көлемі де 30,7 пайызға өсіп, 486,9 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл  соңғы 5 жыл ішіндегі ең жоғарғы көрсеткіш.  Біз  Ауғанстан нарығын қазақстан экспортшылары үшін перспективасы жоғары бағдар деп есептейміз. Біз тоқсандық негізде мұнда экспортқа мүдделік танытқан отандық өндірушілерді бағыттауды жоспарлап отырмыз. Біз Қазақстан Республикасының Ауғанстан Республикасындағы елшілігі мен Ауғанстанның сауда-өнеркәсіптік палатасының қолдауымен Қазақстаннан өнімдер сатып алуға мүдделік танытқан ауғандық компаниялармен келісөздерді ұйымдастыруға дайынбыз»,-деді.

Биыл 20 маусымда Алматы қаласында Ауғанстандағы сауда миссиясының логикалық жалғасы ретінде «Supplier Workshop» форматында бизнес семинар өткізу жоспарланып отыр. Іс-шара аясында қазақстандық өндірушілермен гуманитарлық ұйымдарға өнімдерін қамтамасыз ететін ауған компаниялармен бірқатар екіжақты кездесулер өтеді.

 

Қосымша ақпарат бойынша  pr@invest.gov.kz, +77172620555 хабарласыңыз

 

 

АНЫҚТАМА

«KAZAKH INVEST»* ұлттық компаниясы» АҚ Қазақстан Респкбликасы Инвестициялар және даму министрлігінің құрылымына кіреді. Ол шикізаттық емес экспортты дамыту және ілгерлету жүйесінің ұлттық операторы, сондай-ақ шетел инвесторларын тарту және олармен жұмыс жасау жөніндегі мамандандырылған мемлекеттік компания. «KAZAKH INVEST» мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады және ол өзінің қызметтерін ақысыз негізде жүргізеді.

*Қазақстан Республикасы Үкіметінің 01.03.2017 жылғы № 100 Қаулысына сәйкес «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі» акционерлік қоғамы «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы» ұлттық қоғамы» акционерлік қоғамы болып қайта аталды.