«ҚАЗАҚСТАНДА ҚАУІПСІЗ ЖОЛДАРДЫ ЖОБАЛАУ» АТТЫ СЕМИНАР ӨТТІ

ҚР Инвестициялар және даму министрлігінде «Қазақстанда қауіпсіз жолдарды жобалау» атты екі күндік семинар өтті. Оны ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі бірлесіп ұйымдастырды.

Онда Қазақстанда жол қозғалысы қауіпсіздігінің ағымдағы жай-күйі, қауіпсіз автомобиль жолдарын жобалау әдістері, сондай-ақ, инжиниринг саласындағы инновациялар талқыланды.

Семинар аясында Қазақстанда ЖКО басты себептері және қауіпсіз көлік инфрақұрылымын жобалау  мәселелері талқыланды.     

Аталған шараға мемлекеттік органдардың, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, «Мемсараптама» РМК, «Қазақавтожол» РМК, «ТРАСЕКА ҮАК Ұлттық хатшылығы», Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының өкілдері қатысты.

Негізгі баяндамашы ретінде жол қауіпсіздігі бойынша халықаралық сарапшылар Мэтью Чэмберлэйн және Джон Уайт сөз сөйледі. Сарапшылар ЖКO себептерін талқылау және жол апаттарының деңгейін төмендету жөнінде сараптамалық таныстырылымын ұсынды. Олар республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында енгізіліп жатқан және қолданыстағы жаңа технологиялар бойынша сараптама жасады.

Қатысушылар жол қозғалысы қауіпсіздігі мен қолданылатын конструкциялар, жол-құрылыс материалдары және жобалау бойынша нормативтердің байланысы жөнінде ашық пікірлесті.

Пікірталас нәтижесінде автомобиль жолдарын жобалау кезінде қолданыстағы нормативтер мен стандарттарға талдау жасау және Автомобиль жолдары комитетіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жол қауіпсіздігін арттыру бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеу жөнінде ұжымдық шешім қабылданды.

Семинар барысында сарапшылар жол көлік апаттары мен жолда болатын адам өлімін азайту  жөнінде ұсыныстар берді.

http://mid.gov.kz/kk/news/kazakstanda-kauipsiz-zholdardy-zhobalau-atty-seminar-otti