Баспасөз релиздері

Қазақстан Солтүстік Еуропа инвесторларының назарында

Қазақстан Солтүстік Еуропа инвесторларының назарында

Қазақстанның Финляндия, Швеция, Дания және Норвегиямен инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастығының мүмкіндіктері «Қазақстан - Солтүстік Еуропа» іскер топтарының алғашқы инвестициялық кездесуі аясында талқыланды. Іс-шараға Солтүстік Еуропаның 200-ден астам компаниясы қатысты.

Іс-шарада ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров, Danish Industry директоры Йенс Холст-Нилсен, ҚР-дағы Еуропалық Одақ делегациясының басшысы Свен-Олов Карлссон, сондай-ақ екі елдің бизнес-қоғамдастығы, сауда-өнеркәсіп палаталары, салалық министрліктер мен квазимемлекеттік органдар өкілдері сөз сөйледі.

Іс-шараны ашқан ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров пандемияның теріс әсеріне қарамастан, Қазақстан өзара тиімді ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер іздеуді жалғастырып жатқанын атап өтті. Осыған байланысты ел Солтүстік Еуропа елдерімен серіктестікті кеңейтуге және тереңдетуге мүдделі.

«Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет біз Солтүстік Еуропа елдерінің қатысуымен инвестфорум ұйымдастырудамыз. Біздің өзара іс-қимылымыздың деңгейі негізсіз төмен деп санаймын. Біздің елдеріміз ұзақ мерзімді өзара тиімді ынтымақтастық үшін, әсіресе, балық пен бидай өсіру және қайта өңдеу, ЖЭК, мұнай-химия жобаларына арналған жабдықтар өндіру, сондай-ақ цифрландыру сияқты маңызды секторларда зор әлеуетке ие. Біздің еліміз инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған реформаларды дәйекті түрде дамытып келеді. Біз Үкімет пен инвесторлар арасында тікелей және ашық диалогты, сондай-ақ жаңа инвестицияларды, озық технологиялар мен ноу-хауды тарту үшін инфрақұрылымды үнемі жақсартуды қамтамасыз етеміз», - деп атап өтті Алмас Айдаров.

«Қазақстан Республикасының инвестициялық мүмкіндіктері» сессиясында сөз сөйлеу барысында «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Бауыржан Сартбаев шетелдік бизнесті қолдау шараларымен, сондай-ақ форумға қатысушыларды елдің инвестициялық әлеуетімен таныстырды. Оның айтуынша, бүгінде компания Қазақстанға инвестиция салғысы келетін инвесторларға 100-ден астам инвестициялық ұсыныс ұсынуға дайын. Инвестициялық ұсыныстарға бизнес-жоспар, қаржылық модель және әлеуетті жергілікті серіктесті таңдау кіреді.

«KAZAKH INVEST жобаларды басқару және кеңес беру саласында көптеген құзыреттерге ие. Бүгінгі күрделі кезеңде инвесторларға барлық қажетті қолдауды ұсыну біздің басымдығымыз болып табылады», - деп хабарлады Бауыржан Сартбаев.

Сонымен қатар, іс-шара барысында «Aller Aqua» AS, «BTG Solenergy», «Arla Foods Amba» AS, «AF Gruppen», «ThermoSeed Global AB», «Trade Scandinavia» АВ, «Geodesign Barriers», «Nord Development Consulting», «Swedavia Airports» және т. б. ірі компаниялармен екіжақты кездесулер ұйымдастырылды.

Іс-шараны ҚР Сыртқы істер министрлігі, ҚР Швециядағы (Дания), Норвегиядағы және Финляндиядағы елшіліктері, сондай-ақ «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ және Осло қаласының Сауда палатасы ұйымдастырды.

Айта кету керек, 2005 жылдан бастап Швеция, Норвегия, Дания және Финляндия Қазақстан экономикасына жалпы алғанда $2,4 млрд-тан астам инвестиция салды, тек соңғы 4 жылдың ішінде Солтүстік Еуропа мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы $3 млрд-тан астам соманы құрады, бүгінде Қазақстанда әлемге әйгілі «Metso», «Wartsila», «Tikkurila», «Ericsson», «Scania», «ABB», «Electrolux», «H&M», «Novo Nordisk», «Castrol» сияқты компаниялар табысты жұмыс істеуде.

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге