Баспасөз релиздері

Токиода 3,7 млрд долларға 47 құжатқа қол қойылды

Токиода 3,7 млрд долларға 47 құжатқа қол қойылды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға ресми сапарының қорытындысы бойынша Токиода энергетика, қаржы, өнеркәсіп, цифрлық технологиялар және тұрақты даму салаларындағы қазақстан-жапон ынтымақтастығын тереңдетуге бағытталған коммерциялық келісімдерге қол қойылды.

MUFG Bank, Ltd.-пен ынтымақтастық аясында келісімдердің маңызды қаржылық блогы қалыптастырылды. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ пен жапон банкі «Бәйтерек» холдингінің инвестициялық бағдарламасын қолдау үшін $1,28 млрд-қа дейін қаржыландыру тартуды көздейтін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат тұрақты даму, баламалы энергетика және ESG салаларындағы жобаларды, сондай-ақ борыштық, жобалық және инфрақұрылымдық қаржыландыру тетіктерін, экспорттық-кредиттік қолдаумен мәмілелерге қатысуды және хеджирлеу құралдарын пайдалануды қамтиды.

Сапар барысында цифрлық экономика мен инновацияларды дамытуға ерекше назар аударылды. Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен MUFG Bank, Ltd. $500 млн-ға дейін қаржыландыру ұсыну мүмкіндігін көздейтін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Келісім деректер орталықтарын салу, «ақылды қалаларды» дамыту, сондай-ақ жасанды интеллект саласындағы стартаптар мен инновациялық жобаларды аралас қаржыландыруды жүзеге асыруға бағытталған.

Сапардың негізгі нәтижесінің бірі – «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен Kansai Electric Power Co. арасында Жапонияның атом электр станциялары үшін табиғи уран концентраттарын коммерциялық негізде жеткізуді көздейтін ұзақ мерзімді келісімге қол қойылуы болды. Келісім атом энергетикасы саласындағы тараптардың стратегиялық әріптестігін бекітіп, Қазақстанның жапон нарығына уран өнімдерінің сенімді жеткізушісі ретіндегі мәртебесін растайды.

Өнеркәсіп секторында Eurasian Resources Group S.a.r.l., ERG Sales KZ ЖШС («Қазақстан алюминийі» АҚ мүддесінде) және Mitsubishi Corporation RTM Japan Ltd. арасында ұзақ мерзімді ынтымақтастық шарттарымен галлийді тұрақты жеткізуді көздейтін ұзақ мерзімді оффтейк шартына қол қойылды. Құжат Қазақстанның аса маңызды металдардың жаһандық жеткізу тізбектеріндегі позициясын нығайтуға бағытталған.

Сапар барысында Қазақстанда Komatsu Component Rebuild Center жобасын іске асыру туралы келісімге қол жеткізілгенін атап өткен жөн. Тиісті өзара түсіністік туралы меморандумға «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ, Астана қаласының әкімдігі, «Комек Машинери Қазақстан» ЖШС, сондай-ақ Mitsui & Co., Ltd. және Komatsu Ltd. жапон компаниялары қол қойды. Жоба Қазақстанда Komatsu тау-кен және құрылыс техникасының негізгі компоненттерін, оның ішінде қозғалтқыштарды, трансмиссияларды, көпірлерді және басқа да тораптарды жөндеу және қалпына келтіру бойынша толық циклді заманауи орталық құруды көздейді. Аталған сервистік орталық Орталық Азия өңірі үшін Komatsu-дың негізгі хабы болады, техниканы жөндеу мерзімі мен құнын қысқартуға, жергіліктендіру деңгейін арттыруға және өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін сервистік қызмет көрсетудің сенімділігін күшейтуге мүмкіндік береді деп күтілуде.

Аталған келісімдермен қатар, сапар аясында жаңартылатын энергетиканы және көміртекті тетіктерді дамыту, «таза» өнеркәсіптік технологияларды енгізу, тау-кен және машина жасау салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту, инфрақұрылымды цифрландыру, атом ғылымы, финтех, денсаулық сақтау, білім беру және ғылыми зерттеулерді қамтитын кең ауқымды құжаттар пакеті қабылданды.

Сапар қорытындысы бойынша қол қойылған келісімдер Қазақстан мен Жапония арасындағы стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейін көрсетіп, екі ел арасындағы инвестициялық, технологиялық және өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейту үшін ұзақ мерзімді негіз қалыптастырады.

  1. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ және MUFG Bank, Ltd. «Бәйтерек» холдингінің инвестициялық бағдарламасын қолдау үшін $1,28 млрд-қа дейін қаржыландыру тартуды көздейтін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат тұрақты даму, баламалы энергетика және ESG салаларындағы жобаларды, сондай-ақ борыштық және ақша нарықтары арқылы қаржыландыруды ұйымдастыруды, жобалық және инфрақұрылымдық қаржыландыруды, экспорттық-кредиттік қолдаумен мәмілелерге қатысуды, ақша нарығындағы операцияларды және хеджирлеу құралдарын қамтиды. Потенциалды қаржыландырудың жиынтық көлемі $1,28 млрд деп бағаланады.
  2. «Самұрық-Қазына» АҚ және Marubeni Corporation көміртек бірліктерінің айналымы мен сатылуын көздейтін Бірлескен кредиттеу механизмін (Joint Credit Mechanism, JCM) іске асыруды пысықтауға бағытталған ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Келісім шеңберіндегі пилоттық жоба ретінде Жамбыл облысында «Ақтас Энерджи» ЖШС-нің қатысуымен қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын 300 МВт энергия жинақтау жүйелерімен салу айқындалды.
  3. Eurasian Resources Group S.a.r.l., ERG Sales KZ ЖШС («Қазақстан алюминийі» АҚ мүддесінде) және Mitsubishi Corporation RTM Japan Ltd. галлий жеткізу бойынша ұзақ мерзімді оффтейк шартына қол қойды. Құжат ұзақ мерзімді ынтымақтастық шарттарымен өнімді тұрақты жеткізуді көздейді.
  4. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және Kansai Electric Power Co. табиғи уран концентраттарын сатып алу-сату жөніндегі ұзақ мерзімді шартқа қол қойды. Келісім Жапонияның атом электр станцияларының қажеттіліктері үшін уран өнімдерін коммерциялық негізде жеткізуді көздейді.
  5. «Тау-Кен Самұрық» ҰГК» АҚ және Жапон металдар мен энергетикалық ресурстарды қамтамасыз ету ұйымы (JOGMEC) Қазақстан Республикасының аумағында, соның ішінде жер қойнауын пайдалану саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруды қамтитын тау-кен секторындағы өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
  6. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және MUFG Bank, Ltd. $500 млн-ға дейін қаржыландыру ұсыну мүмкіндігін көздейтін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат дата-орталықтар салу, «ақылды қалаларды» дамыту, сондай-ақ жасанды интеллект саласындағы стартаптар мен инновациялық жобаларды аралас қаржыландыру жобаларын қамтиды.
  7. «Самұрық-Қазына» АҚ және MUFG Bank, Ltd. халықаралық қаржы институттарының кепілдіктерін пайдалана отырып, жалпы сомасы $1 млрд-қа дейін стратегиялық жобаларды қаржыландыруды көздейтін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
  8. Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы және Muroosystems Corporation пайдаланылған ядролық отынмен және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу технологияларын әзірлеу саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат қауіпсіз қайта өңдеу және сақтау технологиялары саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ перспективалы атом электр станциялары үшін отын түрлерін жасауға бағытталған. Инвестициялардың болжамды көлемі $200 млн деп бағаланады.
  9. «Самұрық-Энерго» АҚ және Mitsubishi Heavy Industries Power Environmental Solutions Ltd. «Самұрық-Энерго» АҚ өндірістік активтерінде ауаның сапасын бақылаудың «таза» технологияларын енгізуді көздейтін стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Құжат Moving Electrode Electrostatic Precipitator (MEEP) типті электрофильтрлерді орнатуды, қолданыстағы электрофильтрлерді жаңғыртуды, сондай-ақ түтін газдарын десульфурациялау жүйелерін енгізуді қамтиды. Келісім шеңберіндегі инвестициялардың жалпы көлемі 10 жыл ішінде $120 млн деп бағаланады.
  10. Астана қаласының әкімдігі, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ, «Комек Машинери Қазақстан» ЖШС, Mitsui және Komatsu Астана қаласында техниканы күрделі жөндеу және қалпына келтіру жөніндегі өндірістік кешен салу жобасы бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Жоба Орталық Азиядағы ең ірі сервистік хабқа айналатын Components Rebuild Center (CRC) құруды көздейді және Қазақстанның тау-кен компаниялары үшін компоненттерді жөндеу мерзімі мен құнын қысқартуға, жедел сервистік қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Инвестиция көлемі $20 млн құрайды.
  11. «Қазақстандық Коммуналдық Жүйелер» ЖШС және Komaihaltek Inc. Түркістан облысында жаңартылатын энергия көздері саласындағы шешімдерді енгізу жобасы бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат өңірде жел энергетикасы объектілерін салу мақсатында әріптестікті дамытуға бағытталған. Инвестиция көлемі $18 млн деп бағаланады.
  12. Түркістан облысының әкімдігі және Komaihaltek Inc. Түркістан облысында микрогенерациялық жүйелерді (microgrid) енгізу жобасы бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Келісім жел энергетикасы қондырғыларын қоса алғанда, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану арқылы гибридті энергетикалық шешімдерді енгізу мүмкіндіктерін зерделеуді, CO₂ шығарындыларын азайтуды және энергиямен жабдықтаудың тұрақтылығын арттыруды көздейді.
  13. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ және Synspective Inc. ғарыштық компоненттер мен ғарыштық қосымшалар өндірісі саласындағы бірлескен зерттеулер мен әзірлемелер жөнінде өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат Жерді қашықтан зондтау саласындағы ынтымақтастықты, оның ішінде жобаларды бірлесіп әзірлеуді, деректер мен озық технологиялар алмасуды көздейді. Инвестиция көлемі $10 млн деп бағаланады.
  14. «KEGOC» АҚ және Hitachi Energy Poland «Астана» қосалқы станциясында цифрлық технологияларды енгізуді көздейтін ынтымақтастық туралы рамалық келісімге қол қойды. Жоба аясында цифрлық шешімдерді іске асыру және жұмыстарды 2029 жылға дейін аяқтау жоспарлануда. Инвестиция көлемі $7 млн деп бағаланады.
  15. «Қазпошта» АҚ және Toshiba Corporation қоймаларды басқару және электрондық коммерция саласындағы бизнес-процестерді автоматтандыру жөнінде ниеттер туралы келісімге қол қойды. Жоба клиенттік тапсырыстарды өңдеу және орындау процестерін оңтайландыру үшін автоматтандырылған мобильді роботтарды енгізуді көздейді. Инвестиция көлемі $6 млн құрайды.
  16. «Ядролық физика институты» РМК және Marubeni Utility Services Ltd. жоғары температуралы газбен салқындатылатын реакторлар үшін жоғары күйдіру дәрежесіне үйлесімді отын әзірлеу мақсатында сәулелендіру сынақтары жоспарына бірлескен техникалық-экономикалық зерттеу жүргізу туралы келісімге қол қойды. Зерттеу құны $130 мың деп бағаланады.
  17. «Самұрық-Қазына» АҚ және Marubeni Corporation көміртек бірліктерінің айналымы мен сатылуына бағытталған Бірлескен кредиттеу механизмін (Joint Credit Mechanism, JCM) іске асыруды пысықтауды көздейтін ынтымақтастық туралы рамалық келісімге қол қойды.
  18. Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі және Nippon Export and Investment Insurance (NEXI) экспорттық кредиттеу және саудалық қаржыландыру саласындағы өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат Қазақстан мен Жапониядан шикізаттық емес тауарлар мен қызметтер экспортын, оның ішінде бірлескен жобаларды іске асыру және тәжірибе алмасу арқылы қолдауды көздейді.
  19. «KazAzot Prime LLP» және СК тыңайтқыштар өндіру және декарбонизация жобалары бойынша стратегиялық әріптестік жөнінде өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Келісім минералдық тыңайтқыштар өндіру және төмен көміртекті технологияларды енгізу саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
  20. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «Tokyo Rockbox Almaty» ЖШС және RIKEN KOGYO Inc. Қазақстанның теміржол инфрақұрылымында жел мен қардан қорғау шараларын әзірлеу жөнінде ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат теміржол көлігі саласындағы озық технологиялық шешімдерді енгізуді көздейді.
  21. Eurasian Resources Group S.a.r.l. және Hitachi Construction Machinery Co., Ltd. тұрақты өсімді қолдауға және өндірістік процестерге заманауи шешімдерді енгізуге бағытталған технологиялық ынтымақтастықты дамыту жөнінде өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
  22. Eurasian Resources Group S.a.r.l. және Mitsui тау-кен бизнесіндегі ынтымақтастықты кеңейту жөнінде өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. 
  23. KAZ Minerals, «Eurasian Machinery» ЖШС және Hitachi Construction Machinery Co., Ltd. тау-кен операцияларында ESG көрсеткіштеріне қол жеткізуге арналған шешімдерді әзірлеу жөнінде өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат экологиялық менеджмент мақсаттарына қол жеткізуге және тау-кен процестерінің экологиялық тиімділігін арттыруға бағытталған ынтымақтастықты көздейді.
  24. KAZ Minerals, «Комек Машинери Қазақстан» ЖШС, Mitsui және Komatsu тау-кен техникасының компоненттерін жөндеу және қалпына келтіру бойынша өндірістік және сервистік құзыреттерді дамытуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Тараптар шөміштерді, кузовтарды және жоғары қысымды шлангтарды дайындау және жөндеу цехын дамыту, сондай-ақ экскаваторларды, бульдозерлерді, самосвалдарды және ұсату жабдықтарын қоса алғанда, техниканы және жинақтаушы бөлшектерді қалпына келтіру қуаттарын кеңейту туралы келісті.
  25. KAZ Minerals және Bridgestone пайдалану ресурсы ұлғайтылған ірі габаритті шиналарды жеткізу бойынша ынтымақтастықты кеңейтуді көздейтін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат шиналар жеткізілімінің үлесін 25%-дан 50%-ға дейін арттыру ниетін, сондай-ақ уақтылы және үздіксіз жеткізілімдерді қамтамасыз ету үшін Samsung C&T арқылы Қазақстан Республикасының аумағында жергілікті қойма ұйымдастыруды пысықтауды қамтиды.
  26. ҚР ТЖМ жанындағы Азаматтық қорғау саласындағы ғылыми зерттеулер, даярлау және оқыту ұлттық орталығы және Fitech Co., Ltd. орман өрттерін әуеден сөндіру жүйесі саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат бірлескен зертханалық талдаулар жүргізуді және орман өрттерін сөндіруде әуе жүйесін қолдану тиімділігін бағалауды көздейді.
  27. «Қазавиалесоохрана» мемлекеттік авиациялық орман шаруашылығы кәсіпорны және Fitech Co., Ltd. орман өрттерін әуеден сөндіру жүйесін пайдалана отырып, бірлескен іс-шаралар жүргізуді көздейтін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, оның ішінде технологияларды практикалық қолдану қарастырылған.
  28. Еуразия ұлттық университеті және Hitachi High-Tech Europe GmbH Қазақстандағы құрылыс материалдарын бағалау және талдау әдістері бойынша бірлескен зерттеулер жүргізу саласында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат құрылыс материалдарын сынау, бағалау әдістемелері және аналитикалық тәсілдер саласында ынтымақтастық орнатуды және тәжірибе алмасуды көздейді.
  29. Қазақ ғылыми-зерттеу және жобалау құрылыс және сәулет институты (ҚазНИИСА) және Mitsui жапондық сейсмотұрақтылық технологиясын енгізу саласында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Келісім Қазақстанда сейсмотұрақтылық, сейсмооқшаулау және сейсмикалық бақылау технологиялары мен өнімдерін енгізу жөніндегі ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
  30. Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы және Marubeni Utility Services Ltd. атом энергетикасы саласындағы ғылыми байланыстарды кеңейтуге және өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған ынтымақтастықты нығайту туралы келісімге қол қойды.
  31. Freedom Holding Corp. және Ledax Co., Ltd. финтех-технологиялар негізінде қаржылық қызметтерді дамыту үшін бірлескен компания құру жөнінде өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат цифрлық шешімдерді пайдалана отырып, банк қызметтерін, цифрлық банкингті, тұтынушылық кредиттеуді, кредиттік сервистерді, BNPL модельдерін және басқа да бағыттарды қоса алғанда, қаржылық қызметті жүзеге асыру саласындағы ынтымақтастықты көздейді.
  32. Freedom Holding Corp. және Kort Valuta Co., Ltd. цифрлық қаржылық технологиялар, экожүйелік сервистер және инновациялық өнімдер саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
  33. Freedom Holding Corp. (Arbuz Group LLP) және Arai Shoji Co., Ltd. жапон өнімдерін Қазақстан Республикасына жеткізу және экспорттау жөнінде коммерциялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат жапондық шығу тегі бар өнімдерді, оның ішінде өнеркәсіптік, тұтынушылық, азық-түлік, косметикалық және өзге де өнімдерді коммерциялық жеткізу бойынша өзара іс-қимылды көздейді.
  34. «ҚазАвтоЖол» АҚ, «Tokyo Rockbox Almaty» ЖШС және RIKEN KOGYO Inc. автомобиль жолдары саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды, ол әріптестікті дамытуға және автомобиль жолдарын күтіп ұстау мен пайдалану саласында технологиялық шешімдерді енгізуге бағытталған.
  35. «ҚазАвтоЖол» АҚ («ҚазжолҒЗИ» АҚ мүддесінде), «Tokyo Rockbox Almaty» ЖШС және RIKEN KOGYO Inc. ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар нәтижелерін коммерцияландыру жөніндегі бірлескен жобаны іске асыру үшін ғылыми, техникалық, қаржылық және өндірістік ресурстарды біріктіруді көздейтін консорциум туралы шартқа қол қойды. Құжат 100% қазақстандық құраммен қардан, желден және тросты тосқауыл қоршауларын өндіруді және нарыққа шығаруды қамтиды.
  36. «Zhabyak» ЖШС және Senko Farm Қазақстаннан Жапонияға жылқы экспорттау жөнінде ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, ол жеткізілімдер мен экспорттық тасымалдарға байланысты ұйымдастырушылық мәселелер саласындағы өзара іс-қимылды көздейді.
  37. AB Restaurants LLP және H.I.S. гастрономиялық мәдениет пен туризм үшін синергиялық платформаны бірлесіп құру жөнінде меморандумға қол қойды. Құжат гастрономиялық туризмді, тамақ өнеркәсібін дамытуға және өзара мәдени алмасуды тереңдетуге арналған платформа құруды көздейді.
  38. «Династия Агро» ЖШС және JATECO Group FairBay Inc. қазақстандық зығыр майын Жапония нарығына жеткізуді кеңейту жөнінде келісімге қол қойды. Құжат экспорттық-импорттық операциялар саласындағы ынтымақтастықты дамытуға және Қазақстаннан Жапонияға жеткізілім көлемін ұлғайтуға бағытталған.
  39. «СпейсЛаб» ЖШС және Ark Edge Space Inc. LoRa жерүсті-спутниктік байланыс құрылғысын бірлесіп әзірлеу жөнінде өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат Орталық Азия елдерінде пайдалануға арналған LoRa «жер-спутник» байланыс жабдығын бірлесіп әзірлеуді көздейді, инвестиция көлемі $10 млн деп бағаланады.
  40. Ядролық технологиялар қауіпсіздігі жөніндегі ғылыми-техникалық орталық және Chiyoda Technol Co. электр энергиясын өндіруге арналған реакторлардың қауіпсіздігі мен тұрақтылығын зерделеу платформасын құру жөнінде өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат реактор қондырғыларының қауіпсіздігі мен тұрақтылығы мәселелері бойынша зерттеулер мен талдамалық жұмыстар жүргізу үшін бірлескен платформа құруды көздейді.
  41. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ және SMBC Nikko Securities Ltd. өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын айқындайтын және тараптардың стратегиялық ынтымақтастық орнатуға бейілділігін растайтын ынтымақтастық туралы рамалық келісімге қол қойды.
  42. Freedom Holding Corp. (Arbuz Group LLP) және SUMOTORI Japan Holdings жапон өнімдерін Қазақстан Республикасына жеткізу және экспорттау жөнінде коммерциялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат жапондық шығу тегі бар өнімдерді, оның ішінде өнеркәсіптік, тұтынушылық, азық-түлік, косметикалық және өзге де өнімдерді коммерциялық жеткізу бойынша өзара іс-қимылды көздейді.
  43. «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС және Mitsubishi Corporation ұзақ мерзімді әріптестікті, оның ішінде қосалқы бөлшектерді жеткізуді және сервистік қызмет көрсетуді ұйымдастыруды көздейтін өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
  44. «Dosjan Temir Zholy» АҚ, «Tokyo Rockbox Almaty» ЖШС және RIKEN KOGYO Inc. теміржолдарда қарлы борандардың салдарымен күресу жөніндегі іс-шаралар жоспарларын әзірлеу саласындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат теміржол тасымалының қауіпсіздігін арттыруға және қар жаууы мен қар үйінділерінің салдарын жою жөніндегі шешімдерді пысықтауға бағытталған.
  45. «EQE Kazakhstan» ЖШС, «Tokyo Rockbox Almaty» ЖШС және RIKEN KOGYO Inc. Қазақстан Республикасының аумағында қардан қорғау технологияларын өндіру жөніндегі өндірістік базаны құруды пысықтауды көздейтін іскерлік ынтымақтастық орнату мәселелері бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
  46. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі және «Takeda Kazakhstan» ЖШС денсаулық сақтау саласындағы өзара түсіністік және стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, ол Қазақстан Республикасының азаматтарына, оның ішінде сирек, әлеуметтік маңызы бар және созылмалы аурулары бар пациенттерге медициналық көмектің сапасын, қолжетімділігін және тиімділігін арттыруға бағытталған.
  47. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және Digital Knowledge Co., Ltd. мемлекеттік мекемелер үшін IT-білім беру және білім беру технологияларын дамыту саласындағы жобаларды бірлесіп іске асыру мүмкіндіктерін зерделеуге бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат екі ұйымның қатысу өңірлерін ескере отырып, ынтымақтастықтың нақты бастамаларын пысықтауды, сондай-ақ цифрлық білім беру шешімдері саласындағы өзара іс-қимылды дамытуды көздейді.

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге