National Company for Investment Support and Promotion

Жер учаскелерін алу рәсімі

Жер кодексінің 43-бабының 3 тармағына сәйкес Жер учаскелерiне меншiк және (немесе) жер пайдалану құқықтарының өздеріне берілуіне мүдделi жеке және заңды тұлғалар өтініш берушіге өтініштің берілгенін растайтын құжатты беретін, жер учаскесi орналасқан жер бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органына, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкiмiне өтiнiш бередi.

Өтiнiште: жер учаскесiн пайдалану мақсаты; оның болжамды көлемi; орналасқан жерi; сұралып отырған пайдалану құқығы; басқа жер учаскесiнiң болуы (болмауы) көрсетiлуге тиiс.

Пайдалы қазбалар шығарылатын жағдайда өтiнiшке жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарттың көшiрмесi қоса берiледi.

Сұралып отырған жер учаскесін аумақтық аймақтарға бөлуге сәйкес мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігін айқындау үшін жер учаскесiне құқық беру туралы өтiнiш жер учаскесі орналасқан жер бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың уәкілетті органдарына үш жұмыс күні ішінде келіп түседі.

Жер учаскесіне құқық беру туралы өтінішті қараудың жалпы мерзімі ол түскен кезден бастап екі айға дейінгі мерзімді құрайды.

Көрсетілген мерзiмге:

  • жерге орналастыру жобасын жасау;
  • келісу;
  • жергілікті жердегі жер учаскесінің шекарасын белгілеу кезеңдері кірмейді.

Жер учаскесi орналасқан жер бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкiлеттi органы және тиісті жергілікті атқарушы органдардың сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелері сұралып отырған жер учаскесiн аумақтық аймақтарға бөлуге сәйкес мәлiмделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкiндiгiн айқындайды.

Мемлекеттік меншіктегі жерден жер учаскесіне құқық беру мынадай тәртіппен жүргiзiледi:

1) жер учаскесiне тиiстi құқық беру туралы өтінішті қарауға қабылдау;

2) сұралып отырған жер учаскесін аумақтық аймақтарға бөлуге сәйкес мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігін айқындау (Жер учаскесін таңдау туралы актіні рәсімдеу – 10 жұмыс күні);

3) жер учаскесін алдын ала таңдау (елді мекен шегінде объектілер салуды қоспағанда, объектілер салу үшін жер учаскесі сұралған кезде)(Хаттама  - 5 жұмыс күні);

4) тиісті жергілікті атқарушы органдар құратын комиссияның жер учаскесін беру туралы қорытындысын дайындауы;

5) жерге орналастыру жобасын әзiрлеу және бекiту;

Комиссияның қорытындысы негiзiнде жерге құқық табыстау туралы жерге орналастыру жобасы әзiрленедi. Жерге орналастыру жобасының құрамында берiлетiн жер учаскесiнiң көлемi, оның шекарасы мен орналасқан жерi, жер учаскесiнiң аралас меншiк иелерi және жер пайдаланушылар, сондай-ақ берілетін жер учаскесінің ауыртпалықтары мен сервитуттары нақтыланады. Жоғарыда көрсетілгендей, жерге орналастыру жобасын құру жалпы 2 ай мерзімге кірмейді.

6) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің жер учаскесiне құқық беру туралы шешiм қабылдауы (Әкімдіктің шешімі/қаулысы -  7 жұмыс күні) Қаулының көшірмесі 5 күн ішінде өтініш берушіге жіберіледі;

7) сатып алу-сату немесе уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі (өтеусіз) жер пайдалану шартын жасасу;

8) жергілікті жердегi жер учаскесiнiң шекарасын белгiлеу;

9) елді мекен шегінде объектілер салуға арналған жер учаскесін қоспағанда, жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын дайындау және беру.