National Company for Investment Support and Promotion

Инженерлік инфрақұрылымға қосылу тәртібі

Инженерлік инфрақұрылымның көздеріне қосылу тәртібі Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі N 242 «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңымен, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 750 «Құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларын бекіту туралы» бұйрығымен (Құрылыс салу қағидаларымен) және сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы басқа нормативтік актілерімен реттеледі.

Аталған заңның 1-бабының 18 тармағына сәйкес, инженерлiк инфрақұрылым - адамдардың тiршiлiк етуi, сондай-ақ өндiрiстiң немесе тауарлар мен көрсетiлетiн қызмет айналымының тұрақты жұмыс істеуі үшiн қалыпты жағдай туғызатын кәсiпорындардың (ұйымдардың), объектiлердiң (ғимараттар мен құрылыстардың), инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету коммуникацияларының және желiлерiнiң жиынтығы.

Құрылыс салу қағидаларыне сәйкес, құрылыс жөніндегі кез келген жобаны жүзеге асыру жер учаскесіне тиісті құқығы негізінде және келесі кезеңдерде жүзеге асырылады:

  1. Құрылыс жобаларын әзірлеу үшін бастапқы материалдарды алу;
  2. Эскизді (эскиздік жобаны) келісу;
  3. Құрылыс жобаларын жобалау және сараптау;
  4. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүзеге асыру;
  5. Салынған объектіні қабылдау және пайдалануға беру.

Құрылыс жобаларын әзірлеуге арналған бастапқы материалдар мыналарды қамтиды:

1) сәулет-жоспарлау тапсырмасы (бұдан әрі – СЖТ);

2) инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету көздеріне қосуға арналған техникалық шарттар (бұдан әрі – техникалық шарттар);

3) жолдар мен көшелердің көлденең қималары;

4) тік жоспарлау белгілері;

5) түбегейлі жоспарлау жобасынан алынған үзінді көшірме;

6) сыртқы инженерлік желілер трассасының схемасы.

СЖТ және техникалық шарттар ұсыну туралы өтініш жергілікті атқарушы органның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесінің атына "электрондық үкімет" веб-порталы немесе Мемлекеттік корпорация арқылы мынадай құжаттарды қоса бере отырып, Құрылыс салу қағидаларына 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша беріледі:

1) жобалауға арналған бекітілген тапсырма;

2)  жер учаскесіне құқық белгілейтін құжат;

3) Құрылыс салу қағидаларын 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша техникалық шарттарға арналған сауалнама парағы;

4) жеке тұлғалар үшін – жеке басын куәландыратын құжат.

 Сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын ЖАО инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсетушiлерге техникалық шарттарды алуға арналған сауалнама парағын жібереді.

Инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсетушiлер сауалнама парағын және топографиялық түсірілімді алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде сыртқы инженерлік желілер трассасының алдын ала схемасымен бірге техникалық шарттарды дайындайды және ЖАО-ның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесіне жібереді.

ЖАО-ның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі жоспарланған құрылыс бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес келген жағдайда, мынадай материалдарды дайындайды:

1) Құрылыс салу қағидаларының 3-қосымшасына сәйкес нысан бойынша СЖТ;

2) түбегейлі жоспарлау жобасынан алынған үзінді көшірме;

3) тік жоспарлау белгілері;

4) жолдар мен көшелердің көлденең қималары;

5) сыртқы инженерлік желілер трассасының схемасы.

 ЖАО-ның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі дайындалған материалдарды және құжаттарды Мемлекеттік корпорацияға жібереді немесе "электрондық үкімет" веб-порталына орналастырады.

Техникалық шарттар объектіні коммуникацияларға қосу схемалары туралы, сондай-ақ сәтті қосылу үшін орындалуға тиіс жұмыстар туралы толық ақпаратты қамтуға тиіс. Мұнда қосылу нүктелері, жіберу шарттары және бөлінетін қуаттардың өлшемдері белгіленеді, тұтынатын ресурстарды есепке алу және үнемдеу бойынша шаралар ескертіледі. Одан басқа, техникалық шарттарға міндетті түрде қажетті экологиялық нормативтер қосылады.

 

Объектіні инженерлік жабдықтауға техникалық шарттардың құрамы мен мазмұны:

  1. Су құбыры мен канализацияның коммуналдық желілеріне қосу:
  • су құбыры желілері мен канализация желілері бойынша қосу нүктелері;
    сумен жабдықтау құбырлар ішіндегі арын; қолданыстағы желіні шығынды өткізуге тексеру туралы ТШ талаптары болған кезде – қосылған объектілер көрсетілген желілер схемасы.

 

2. Жылумен жабдықтау:

  • жылу көзі;
  • жылу тасымалдағыштың параметрлері (жылу желілеріндегі температура;
  • жіберу және кері құбырлардағы қысым);
  • қосылу нүктесі;
  • жылумен жабдықтаудың есептік схемасы;
  • резервтік жылумен жабдықтау көзі (қажет болса);
  • жылу тасымалдағышты есепке алуға қойылатын талаптар;
  • жобаланатын жылу желілерінің баланстық пен пайдаланушылық тиістілігі және жылумен жабдықтайтын ұйым мен тұтынушының жылу желілерін бөлу шекарасы.

 

3. Электрмен жабдықтау:

  • жобаланатын желілер қосылатын тіреу қуат көздері;
  • жобаланатын желілерді қосу үшін тіреу қуат көздерінде орындалуға тиіс жұмыстардың көлемі;
  • қуат көздеріндегі кернеу деңгейі;
  • ең жоғарғы мен ең төмен режимдерінде көздер шиналарындағы үш фазалы КЗ тоқтары;
  • жерге тұйықталу тоқтары;
  • камераның типі, релейлік қорғау типтері және қондырғыларды таңдау бойынша ұсыныстар (берілген техникалық параметрлердің, белгіленген режимнің немесе мәннің, мысалы, қорғау істеп кетуге тиіс тоқтың мәні);
  • кабельдерді таңдау бойынша ұсыныстар, шығарылатын немесе қайта салынатын кабельдердің толық параметрлері, қалыпты және апаттық режимдердегі қолданыстағы кабельдер бойынша жүктемелер; 
  • қолданыстағы желілік құрылыстардың схемалары мен жоспарлары (қажет болса);
  • телемеханика сигналдарының тізімі;
  • электр энергиясын есепке алуға қойылатын талаптар;
  • жауапкершілік шегі және пайдалану шарттары.

 

4. Газбен жабдықтау:

  • газбен жабдықтау желілеріне қосылу нүктесі;
  • қосылу нүктесінде газдың қысымы.

 

5. Телефондандыру:

  • желі көзін көрсету (АТС, концентратор, шкаф);
  • қосылу жерін көрсету;
  • АТС-қа желілік қосу паспорты, АТС кроссында қосымша орнатылатын қорғау рамкалардың типтері мен олардың сыйымдылығын көрсету (қажет болған жағдайда);
  • құрылыс объектісіне телефон кабелін тартуға арналған қолданыстағы телефон канализациясының схемасы;
  • объектіні телефондандыруды орындауға қажетті жұмыстардың көлемдері (қосымша жұмыстар).

 

6. Радиоландыру: 

  • желіге қосылған орны;
  • редиожелісіне қосу үшін орындауға қажетті жұмыстардың көлемі.

 

7. Теледидар:

  • ұсынылатын жүйенің конфигурациясы;
  • құрылыс аймағында қабылданатын ТВ арналарының сигналдар деңгейі;
  • жүйе жабдығының ұсынылатын типі;
  • қолданыстағы желіге қосылу жері көрсетілген ситуациялық схема.

Техникалық шарттарды алу және келісу ұзақ уақыт алуы мүмкін, өйткені әр бөлігі тиісті инстанцияда рәсімделеді.

Одан басқа, егер коммуникацияларды келтіру болжалды трасса тапсырыс берушіге тиесілі емес жер учаскелері арқылы өтетін болса, барлығын әр учаскенің иесімен жеке келісу қажет болады.

Құжаттар тегін дайындалады. Техникалық шарттарды алу үшін толық талаптарды сәулет басқармасында, сондай-ақ өз елді-мекендегі қызметтерді жеткізушілерден білуге болады.

Осы рәсімнен кейін инженерлік желілердің жобаларына тапсырыс беруге болады. Газбен жабдықтауға және электрмен жабдықтауға жеке құжаттар қажет болады, сумен жабдықтауға және канализацияға – бір ортақ.

Әрі қарай оларды қызметтерді жеткізушілермен және сәулет басқармасында келісу керек және коммуникацияларды өткізуге, магистральдық желілерге қосуға кірісуге болады.

 

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында құрылыс саласын цифрландырудың маңызды элементі ретінде мемлекеттік қала құрылысы кадастры құрылып жатыр.

Қала кадастры жердің үстінен, жер бетінде және жер бетінің астында орналасқан жылжымайтын мүлік пен инфрақұрылымның барлық объектілері туралы бірыңғай мәліметтер жүйесі болып келеді. Қала кадастры халық пен бизнеске инфрақұрылымның болуы, инженерлік коммуникацияларға қосылу мүмкіндігі туралы қажетті ақпаратты ұсынып, сәулет пен құрылыс қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.