National Company for Investment Support and Promotion

Консулдық заңдастыру

Консулдық заңдастыру талаптарының күшін жоятын халықаралық шарттар

Қазақстан Республикасы шетелдік ресми құжаттарды заңдастыру талабының күшін жоятын Конвенцияға (Гаага конвенциясы, 1961ж.) қатысушы болып табылады.

Гаага конвенциясына сәйкес бір мемлекеттік құзыретті органдары жасаған және басқа мемлекеттің аумағында пайдалану үшін арналған құжаттарға арнайы мөртаңба (апостиль) қойылады. Конвенцияның 5-бабына сәйкес апостиль қолдың түпнұсқалығын, құжатқа қол қойған тұлғаның қатысу сапасын және тиісті жағдайда, осы құжат бекітілген мөрдің немесе мөртаңбаның түпнұсқалығын растайды.

Құзыретті органның апостильге қоятын қолы, мөрі немесе мөртаңбасы әрі қарай ешбір куәландыруды немесе заңдастыруды қажет етпейді, ал апостиль қойылған құжат Гаага конвенциясына қатысушы кез келген елде қолданыла алады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 24 сәуірдегі N 545 қаулысына сәйкес, апостиль қою өкілеттіктеріне ие ұйымдар ретінде келесі мемлекеттік органдар белгіленді:

  • Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі
  • Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
  • Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі
  • Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағаттар комитеті
  • Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының жанындағы Сот әкімшілігі комитеті
  • Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі
  • Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
  • Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі
  • Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті

 

Консулдық заңдастыру ережелері

Консулдық заңдастыру (бұдан әрі - заңдастыру) дегеніміз құжаттардың болу елінің қолданыстағы заңдарына сәйкестiгiн тексеру және мұндай құжаттарды басқа мемлекетте пайдалану мақсатымен оларға лауазым иесiнiң қойған қолы мен басқан мөрiнiң түпнұсқалылығын анықтау мен куәландыру болып табылады. Бұл ресім Қазақстан Республикасы Сыртқы істер Министрінің 2000 жылғы 21 қарашадағы N 264 Бұйрығымен бекітілген Консулдық заңдастыру ережелерімен реттеледі.

Шетелде заңдастыру бойынша функцияларды Қазақстан Республикасының шет елдік мекемелері атқарады.

Қазақстан Республикасының аумағында – Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгiнiң Консулдық қызмет департаментi (бұдан әрi – Департамент) атқарады.

Егер шетелдік ұйымдардан және мекемелерден шығатын құжаттар мен актілер құжаттар шыққан шет мемлекеттің шет елдік мекемесінде алдын ала заңдастырылса, Департамент оларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ұйымдары мен мекемелерінен шыққан және шетелге көрсету үшін арналған құжаттар мен актілерді заңдастырады.

Егер Қазақстан Республикасының заңдары бойынша немесе Қазақстан Республикасы және құжаттар мен актілердi ұйымдары мен мекемелері шығарған мемлекет қатысушысы болып табылатын халықаралық шарт бойынша өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары шетелдiк мемлекеттiң ұйымдарынан және мекемелерiнен шығатын құжаттар мен актiлердi қарауына қабылдайды.

Мұндай халықаралық актілер: 1993 жылғы 22 қаңтардағы «Құқықтық көмек және азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық қатынастар туралы конвенция» (Минск қаласы), сондай-ақ 2002 жылғы 7 қазандағы «Құқықтық көмек және азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық қатынастар туралы конвенция» (Кишинев қаласы) және басқа да халықаралық екіжақты келісімдер.

Минск конвенциясының 13-бабына және Кишинев конвенциясының 12-бабына сәйкес Уағдаласқан Тараптардың бірінің аумағында берілген немесе құзыретті мекемемен не осыған арнайы уәкілетті тұлғамен олардың құзыреті шегінде және белгіленген нысан бойынша куәландырылған және гербті мөрмен бекітілген құжаттар барлық басқа Уағдаласқан Тараптардың аумағында қандай да бір арнайы куәліксіз қабылданады.

 

Заңдастырылатын құжаттарға қойылатын талаптар

Құжаттар түпнұсқалы түрде де, сондай-ақ нотариалдық куәландырылған түрде де заңдастыру үшiн қабылданады. Егер шетелдiк дипломатиялық өкiлдiктегi немесе шет елдік мекемедегi заңдастыру құжаттың мемлекеттiк тiлден немесе орыс тiлiнен шет тiлiне аудармасын берудi қажет етсе, Департаменттегі нотариалдық куәландырылған көшiрменi заңдастыру оның аудармасымен бiрге жүргiзiледi.

Консулдың құжаттың немесе актінің аудармасын нотариалдық куәландыруы оның заңдастырылуына теңестірілмейді.

Сондай-ақ құжаттарда болуы міндетті болып табылатын деректемелер (нөмірі, күні, қолы, мөрі) болуы, түзетулерсіз не қоса жазылатын жолдарсыз жасалуы тиіс, оларда сызып тасталған сөздерге және өзге де келісілмеген түзетулерге жол берілмейді, оларды қарындашпен жазуға болмайды.

Құжаттардың мәтіні анық және дәлме-дәл жазылуы тиiс, ал құжаттағы лауазымды адамдардың қолтаңбалары мен мөрлердiң көрiнiсi анық көрiнуi тиiс. Көлемі бір парақтан асатын құжатта парақтар тігілуі, нөмірленуі және мөрмен бекітілуі тиіс.

Дереккөз: Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі